Қайырымдылық білім бағдарламасы бойынша грант иегерлері анықталды
Елімізде 2014 жылдан бастап «Нурбанк» АҚ бастауымен «Өмірге жолдама» атты қайырымдылық білім бағдарламасы жүзеге асқан болатын. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды жоғары оқу орындарында тегін білім алумен қамту болып табылады.
8 жылдың ішінде 130 талапкер бағдарлама аясында Каспий қоғамдық университетінің грант иесі атанды. Биылғы жылы Ақтөбе қаласынан бағдарламаға жоғарыда аталған санаттағы 4 үміткер қатысып, тегін білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Үміткерлер тек білім грантының иесі атанып қоймай, «Нурбанк» АҚ демеушілігімен тегін жатақхана, тегін тамақтану, жол ақысы мен ай сайынғы шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, оқу ордасын аяқтағаннан кейін 100% жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Еліміздің болашағы жастарға дәл осындай мүмкіндік берген бас демеуші «Нурбанк» акционерлік қоғамына және «Өмірге жолдама» атты қайырымдылық жобасының негізін қалаушы Сарсенов Эльдар Рашитовичке «Ақтөбе қалалық білім бөлімі» ММ -нің атынан алғыс білдіреміз! Грант иесі атанған жас түлектерді шын жүректен құттықтаймыз! Студенттік өмір жолында сәттілік тілейміз!