Білім берудегі цифрлық инновациялардың маңызы
Бүгінде аймақта 11 білім бөлімі, бір мың екі жүз отыз тоғыз мекеме жұмыс істейді. Оның 587-сі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, бес жүз жетісі орта білім беру ұйымдары, 42-сі колледж, жетпіс алты қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер болса, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйі бар.
Жалпы 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, қырық мыңға жуық педагог қызмет етуде. Дарынды шәкірттер биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 467 медальді иеленді. Оның ішінде елу жеті медальді – халықаралық білім жарыстарында алды. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы он бесінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді.
Сонымен қатар, республикалық олимпиада қорытындысы бойынша биыл «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша жиырма бес студент қатысып, 16-сы жүлделі орынға ие болды. Оның екеуі алтын, екеуі күміс, он екісі «Үздік маман» медальон иегері атанды. Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты екендігі баршаға белгілі. Халықаралық академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 18 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада жүлделі бірінші орынды иеленді.
Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда 81 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Бұл туралы білім саласы қызметкерлерінің «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының көрме павильонында өткен кеңеске облыс әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Шілібекова Айдана Сембекқызы, Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Айбек Нұртазаев Әшірбекұлы арнайы қатысты.
Сондай-ақ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері мен қызметкерлері шақырылған болатын. Сонымен қатар, облыстағы 20 мыңнан астам педагог білім басқармасының Facebook парақшасында тікелей көрсетілім арқылы кеңеске қатысты. Пленарлық отырыс ведомство жетекшісі Бейсембаев Ғани Бектайұлының арнайы бейне құттықтауымен ашылды.
Бұдан соң, тарихы терең Жамбыл облысына және облыстың ең үлкен саласы білім басқармасының құрылғанына 85 жыл толуына орай, облыстың білім беру жүйесінің дамуы туралы және өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы бейнебаян көрсетіліп, білім басқармасының басшысы Садырқұлов Рауан Нұрғалиұлы цифрландыру жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету туралы қысқаша баяндады. Басқосу барысында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Шілібекова Айдана Сембекқызы «2023-2024 оқу жылының қорытындылары және жаңа 2024-2025 оқу жылына арналған міндеттер», Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Жүнісов Әлішер Ғалымжанұлы «Колледждегі оқытуды даралау дәуіріндегі оқытушының жеке көмекшісі ретіндегі жасанды интеллекттің рөлі» туралы әңгімеледі.
Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Нұртазаев Айбек Әшірбекұлы «Жасанды интеллект негізінде озық талдау технологияларын ұсыну арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету», ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Омаров Даурен Даниярбекұлы «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою», «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мағзымбеков Ерұлан Сабенұлы «Адами капиталды дамытудың негізі – ұстаз мәртебесі» тақырыптарында баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы облыста білім саласына айрықша назар аударылатындығын айтып, биыл білім саласына 319,2 миллиард теңге бөлінгендігін жеткізді. Бұл облыс бюджетінің елу пайызынан асады. Аймақ басшысы, білім беруді цифрландыру – сапалы білім берудің тетігі екендігін баса айтып, өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылғандығына назар аудартты. Интернет жылдамдығы 20 мегабит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда алпыс үш пайыздан 97,4%-ға көтерілгендігін және республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша Старлинк жобасына Жамбыл облысының 53 мектебі енгенін де айрықша атап айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі бірқатар бағыттар бойынша тапсырмалар беріп, жергілікті ұстаздардың жеткен жетістіктеріне де тоқталды. Сонымен қатар, кеңес барысында бірқатар сала қызметкерлері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ҚР Оқу-ағарту минитрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен (4 педагог), «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен (6 педагог), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (4 педагог) және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен (4 педагог), Алғыс хатымен (7 педагог) марапатталды.
«Орта білім беретін үздік ұйым-2024» грантының иегері ретінде Меркі ауданындағы Темірбек Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясына 68 миллион теңгенің сертификаты табысталды. «Колледждер-лигасының» жеңімпазы Жамбыл инновациялық жоғары колледжі он миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған алты білім беру ұйымы түрлі аталымдармен марапатталып, ақшалай (бір миллион теңге) сертификаттарға ие болды.
Республикалық «Үздік педагог» байқауында 7 бірдей педагогі «Үздік педагог» атағын иеленген облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы «Үздік педагогтер шеберханасы» номинациясымен марапатталып, ақшалай (500 мың теңге) сертификат алды. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке жеткен үш мектепке дейінгі білім беру ұйымы марапатталып, ақшалай (500 мың теңге) сертификатқа қол жеткізді.
Ару ДАТАЕВА,
Жамбыл облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы, Тараз қаласы



