Әлем біздер арқылы өзгереді
Әлемде үлкен өзгеріске ұшырамаған мамандықтардың бірі – ұстаз мамандығы болуы керек. Себебі, қай заманда да, қандай жағдайда да болмасын, ұстаздықтың басты міндеті – бала тәрбиесі, білім беру, өзгелермен қарым-қатынас, ұдайы шығармашылық ізденіс, алдындағы шәкіртінен жеке тұлға тәрбиелеп шығару. Педагогтік қызметтің ең гуманистік табиғаты – бар жан-тәнімен халқының бүгіні мен ертеңі үшін қызмет ететін нағыз азаматтарды өсіріп шығару.
Күнде өзгеріп тұрған әлем тарихында еліміздің өз орны қаланып, сырттан келер қауіп-қатерден қорғана алатындай, ішкі-сыртқы саясатын бекем ұстайтын ұрпағы алдымызда отырғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан, заман талабына сай жаңашыл ұстаз болу үлкен еңбекті, уақытты және жаңашылдықты қажет етеді. Педагог – үнемі ізденісте жүретін шығармашыл тұлға. Сонда ғана нәтижелі жұмыс болады. Шығармашылықпен айналысқан мұғалімнің сабағы да өзгеше өтеді.
Менің алдымда отырған оқушылар – тұңғиығы терең теңіз – білімнің бетінде аппақ болып жататын толқындай көрінетін. Біз кез келген сабағымызда жинақталып қалған ақпарат қорын пайдалана аламыз. Пайдаланатын ақпараттарымыз қазіргі таңдағы кеңінен қолданып жүрген PISA тапсырмаларын туындатуға да ықпал етуі мүмкін. Ақпаратты дұрыс пайдалануға, оқушылардың ізденіс жұмысын жүргізіп, өзіндік талдау жасай алуына сілтеме беруіміз керек. Ол үшін педагогтің цифрлы ұстазға айналуы қазіргі таңның өзекті мәселесі екенін сөз етеміз.
Заманауи білімнің кілтіне айналған цифрландыру бағдарламасының енгеніне біраз уақыт өтті, содан бері педагогтердің цифрлық сауаттылығының өскені де байқалады. Компьютер арқылы түрлі бағдарламаларды меңгерген оқытушының жұмысы жандануда. Жаңа ақпараттарды қабылдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгерген оқытушыдан болашақтың жүйрік ойлы ұрпағы шығуда. Интернеттің ашық кеңістігінде өмір сүріп отырған еліміздің біршама педагогтері өзгелерге үйретер жаңа әдістерді қалыптастырады.
Амина ҚҰЛЖАБАЕВА,
Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы