Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Қоғамдық кеңес отырысы өтті
Ұлттық жобаның бүгінгі таңдағы жағдайын сыртқы сарапшылар мен білім басқармасының өкілдері талқыға салды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуына арналған отырыста «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жобаға қатысты маңызды мәселелер мен нәтижелер туралы есеп берді.
Ұлттық жоба аясында салынған мектептердің алғашқы легі оқу жылының басында-ақ қолданысқа тапсырылатыны белгілі болды. Мердігер ұйымдармен жасалған келісім-шарттарға сәйкес дайын жайлы мектептерді тапсыру мерзімі – осы жылдың 15 желтоқсаны болса керек. Алайда нысандарды жобалау мен құрылысты қатар жүргізуге мүмкіндік беретін ЕРС-келісім-шарттардың арқасында мектептердің көбі уақытынан бұрын тапсырылмақ.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшысы өз есебінде бүгінгі таңда 434 600 оқушыға арналған 208 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатқандығын айтты. Оның ішінде 20 мектепті (57000 орынға арналған) 2024 жылдың 1 қыркүйегінде, 17 мектепті (39600 орын) – қыркүйектің соңында, 61 мектепті (109400 орын) – қазан айының соңында, 66 мектепті (131000 орын) – осы жылдың 15 желтоқсанында қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Қалған 44 мектептің (97600 орын) тапсырылуы түрлі себептерге байланысты 2025 жылға шегерілген. Мемлекеттік сараптама қорытындыларын алу мәселесі бойынша 169 мектепке қатысты оң баға алынса, қалған 39 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама қарауында жатқандығы хабарланды.
«Ешбір мемлекетте бұрын-соңды мұндай ауқымды жоба іске асырылмаған. Ешкім үш жылдың ішінде мұнша көлемдегі заманауи мектептер тұрғызбаған. Біз жобаның пилоттық екенін, белгілі бір шешілетін қиыншылықтардың туындауы – әбден қалыпты жұмыс жағдайы екенін ұғынуымыз керек. Десе де құрылыстың сапалы болуы – жұмысымыздың басты мақсаты. Балаларымыздың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз ету үшін бар шараны қолданып жатырмыз. Осы мақсатта құрылыс ұйымдарымен және отандық тауар өндірушілермен бірлесе жұмыс істеудеміз. Біз тек кезекті құрылыс нысандарын салып жатқанымыз жоқ, қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім мекемелерінде сапалы білім алу мүмкіндігін қолжетімді ете отырып, ұрпағымыздың болашағын жұмыла салып жатырмыз», – деді Мәулен Айманбетов.
Онымен қоса жиында мектептердің құрылысы бекітілген директивті мерзімнен кешігіп жатыр деп айту ағаттық болар делінді. Себебі, қазіргі салынып жатқан жайлы мектептердің құрылыс қарқыны бектіліген нормативтерден озып тұр. Мәселен, регламенттердегі талаптарға сай Қарағанды қаласы Кеңдала ықшам ауданындағы 2000 орындық мектеп құрылысына 28 ай бөлінсе, директивті мерзімі 18 ай болса, ол мектепті 9 айда салып аяқтаған. Немесе нормативке сай Алматыдағы ескі мектептің орнына салынған №97 600 орындық мектеп құрылысына 18 ай жұмсалатындығы көрсетілсе, ұлттық жоба аясында мектепті аяқтауға 10 ай уақыт кететіндігі сөз болды.
Атап айтқанда отырыс барысында ұлттық жобаны қаржыландыру, мердігерлерді іріктеу мен таңдау, құрылыс сапасы мен ашықтығын бақылау, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалану мен олардың сапасын қадағалау, жайлы мектептердегі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі, мұғалімдер мен өзге мамандарды жұмысқа алу, кедергісіз инклюзивті орта қалыптастыру мен әлеуметтік көмек көрсету сұрақтары қарастырылды.
Қоғам белсенділерін толғандырған ең басты мәселелер – құрылыс сапасы мен бөлінген қаржы қозғалысының ашықтығы болды. Бірыңғай оператор бұл сұрақтарға да толыққанды жауап берді. Мәселен, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қазақстандық құрылыс саласында алғаш рет енгізген E-Qurylys электронды платформасының арқасында барлық құрылыс процесін ашық жүргізуге қол жеткізілді. Сәйкес құзыретті органдар бүкіл құжаттаманы тексеріп, қадағалап отыруға мүмкіндік алды. Басқаша айтқанда E-Qurylys платформасы уақыт үнемдеп, қағазбастылықты жоюға мүмкіндік берді.
Техникалық қадағалау мамандары нысан басында жүріп, құрылыс сапасының талаптарға сай болуын қатаң бақылап, E-Qurylys жүйесіне есеп жүктеп отырады.
Жайлы мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету белсенділерді мазалаған тағы бір маңызды мәселе болды. Спикерлер ата-аналардың балалар қауіпсіздігіне алаңдамауы үшін жайлы мектептер заманауи қауіпсіздік жүйесімен жабдықталатындығын жеткізді. Білім ордаларында бейнебақылау камераларымен қатар кіріс-шығысты бақылау (СКУД) жүйесі орнатылмақ.
Жобада арнайы білім қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз орта құру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Кіріс-шығыс, баспалдақтар, пандустар, лифтілер секілді ерекше қажеттілігі бар балалардың өзге де керек-жарақтары мемлекеттік нормативтерге (ҚР ЕЖ 3.06-101-2012 Ғимараттар мен имараттарды халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау) сай жобаланған. Аталған норматив ондай балаларға ыңғайлы орта қамтамасыз ету үшін барлық сұрақтарды қамтиды. Құрылыстың осы нормативтерден ауытқымауын техникалық және авторлық қадағалау мамандары қатаң бақылап отыр.
Спикерлер жайлы мектептерге мұғалімдер және өзге де жұмыскерлерді іріктеу, оқушыларды тіркеу жұмыстарын Оқу-ағарту министрлігінің басшылығымен жергілікті атқару органдары қарқынды түрде жүзеге асырып жатқандығына ерекше көңіл аударды.
«Біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуын мұқият бақылап отырмыз және барлық өзекті мәселелердің ашық талқылануын қолдаймыз. Пилоттық жоба тек орта білім мектептердің құрылысына ғана емес, бүкіл Қазақстанның құрылыс саласына заманауи стандарт орнатып отырғандықтан жобаның ашық әрі айқын жүргізілуі өте маңызды», – деп қорытындылады Қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – үш ауысымдық оқыту, орын тапшылығы мен апаттық жағдайдағы мектеп ғимараттарын жою секілді мәселелерді шешуге бағытталған мемлекет басшысының бастамасы. Ресми болжам бойынша 2027 жылға қарай еліміздегі балалар саны 8 млн болып көбеймек. Туу, урбанизация, ішкі миграция және ғимараттардың ескіру көрсеткіштерін ескергенде 2026 жылдың басында 1 млн 117 мың оқушы орны тапшы болады деп болжанып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы осы күрделі мәселенің шешімін табуға жол ашады.
Загрузка...