Елордада мектептердің рекордты саны салынып жатыр
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткен аптаның сейсенбі күні елорданың Есіл ауданындағы №103 мектепке барып, заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрді. Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды.
Білім ордасының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасалған. Қазіргі кезде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар, жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы осы сапары барысында, сондай-ақ, «Нұра» ауданындағы №101 мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл білім ордасында екі ауысымда 4 мың оқушы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша оқитын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы мектептің оқу және шығармашылық кабинеттерін, сондай-ақ спорт және акт залдарын аралады.
Президентке жаңа мектептің мүмкіндіктері, атап айтқанда, оқушылардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлық технологияларды зерттеу, жасанды интеллектіні қолдану, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру, оқу бағдарламасы мен роботты техниканы үйлестіру бағыттары жайында мәлімет берілді. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың орта білім беру саласын дамыту туралы баяндап, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 24 оқу ошағы салынып жатқанын айрықша атап айтты.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылына дайындық жайында есеп берді. Бүгінде республика бойынша бес жүз отыз алты мың оқушыға арналған 302 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал, екі жүз жиырма мың оқушыны қамтитын 280 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1,7 миллион бала тегін тамақпен қамтылады.
Қалалық білім басқармасындағы баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпаратқа жүгінсек, елордада мектептердің рекордты саны салынып жатыр. Қазіргі уақытта жүз мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымды) 30-дан астам білім беру ұйымының құрылысы қарқын алса, жаңа оқу жылында тағы да жиырмадан астам мектептің іргетасын қалау көзделген. Жаңа үлгідегі мектептер екі ауысымда 90 мың оқушы толық қамтуға мүмкіндік береді. Осы ағарту ошақтарының сегізін алдағы қыркүйек айының 1-і күні ел игілігіне беру жоспарда тұр. Және биылғы оқу жылының басында 3 мемлекеттік және бір жеке мектеп ашылады. Желтоқсан айының соңына дейін тағы жеті жайлы мектеп пен екі мемлекеттік мектеп және 2 жекеменшік мектеп білімгерлерге есігін айқара ашады.
Үкімет басшысы сапар барысында Президент тапсырмасын орындау аясында салынған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақхана ғимаратын аралап көрді. Тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, 1 қыркүйекте балаларды қабылдау және орналастыру жұмыстары басталады. 3 қабатты жаңа ғимарат 200 балаға арналған. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін асүйлер, тұрмыстық бөлмелер, құрал-жабдықтар қоятын және кір жуатын бөлмелер, оқу бөлмесі қарастырылған.
Нұрлан МЕРАЛЫ,
фото akorda.kz

