Үш жүз орындық екі жаңа мектеп

Киелі топырақта биылғы жаңа оқу жылында төрт жаңа білім ұясының ашылатындығы айтылған еді. Қазығұрт ауданының Көкібел елді мекенінде Сабыр Рақымов атындағы 300 орындық мектеп пайдалануға берілуіне байланысты, жергілікті тұрғындармен кездесуге келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды ізгі лебізін білдірді.

– Жұртшылықпен жүздесуде осы мектептің құрылысын жүргізуге байланысты ұсыныстар жасалған болатын. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, ғимаратты салу жұмыстары толық аяқталды. Жаңа білім ошағынан ел үшін еңбек ететін білімді жастарымыз шыға берсін. Өйткені, мемлекеттің дамуы ең алдымен азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан, кез келген ел әлеуметтік салаға назар аударады. Мемлекет басшымыздың басты талаптарының бірі де осы. Сіздер жақсы білесіздер, бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, спорттық нысандар тұрғызылуда. Бұл жұмыстар тоқтамайды, – деді аймақ басшысы.

Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңы орналасқан. Білім саласында үнемделген 19,4 миллиард теңге қаржыға жиырма мектеп салынып, 300-ден астам білім ошақтары жөнделуде. Мұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған. Он үш білім беру ұйымының құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, биыл облыстағы төрт апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.

2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған, оның жиырма тоғызы биыл пайдалануға беріледі. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасады. Сонымен бірге, білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі. Облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі бір мың алпысқа артты. Өңірде 530 мың оқушы бар. Оның ішінде бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны – 52 мың 593. Аймақтың білім саласында сексен бес мыңнан астам педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік тоғыз жүз он мектептегі 220 мың 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жергілікті білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында алпыс екі мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынады. Жаңа оқу жылында 17 мың 81 оқушы тасымалданады. Осы мақсатта жаңадан алынған бір жүз бір автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісімшарт негізде жүргізілуде.

Түлкібас ауданындағы үш жүз орындық жаңа мектептің ашылуына байланысты дүбірлі қуанышты күнімен және алғашқы қоңырау салтанатты жиынына өңір жетекшісінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Дәулетұлы қатысып, жиналғандарға құттықтауын жеткізді.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Елді түзетуді бала оқыту ісімен бастау керек» деген ұранды алға тартып, ұл-қыздарымыз сапалы білім алуы үшін оларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Биыл мемлекет тарапынан білім саласына баса назар аударылды. Баланың мінез-құлқының негізі мектепте қалыптасады. Сондықтан, ұстаздар мен ата-аналарға еліміздің болашақ мәдениетті, білікті, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Жаңа білім ұясы 3 қабаттан тұрады. Жүз орынды асханасы мен спорт зал, акт залдары бар. Мектеп ауласында да балаларға арналған футбол, волейбол алаңшалары қарастырылған. Жиырма төрт сынып кабинетінен бөлек мұғалімдер бөлмесі, қыздар мен ұлдарға арналған еңбек кабинеттері салынған. Бұдан бөлек, кітапхана мен 2 медициналық кабинет бар. Мектепте жеделсаты жұмыс істейді. Сондай-ақ, мектептің мектепалды даярлық және 1–11-сыныптың оқу бағдарламаларын оқытуға барлық мүмкіндігі бар.

Оқушылардың білім алуына зертханалық кабинеттер, бастапқы әскери дайындық кабинеттерімен толық жабдықталған. Сонымен қатар, химия, биология, физика, информатика сыныптары соңғы үлгіде жабдықталған. Майлыкент ауылдық округіне қарасты, Бақыбек мөлтек ауданында елу орындық саманнан салынған «Кезең» бастауыш мектебі жұмыс істеп келген. Жаңадан үйлер бой көтеріп, халық санының күн санап өсуіне байланысты жалпы білім беретін мектеп ашу қажеттілігі туындаған. Енді мектеп ғимараты өз алдына жаңа мектеп болып ашылды.

Салтанатты шарада мектеп құрылысын жүргізген «ArKUaGroup» мердігер компаниясының директоры Елтаев Қуаныш құрылысты жоспарланған мерзімінде сапалы аяқтауға мүмкіндік туғызған өңір азаматтарына алғысын білдіріп, жаңа ғимараттың кілтін мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Сауганбаева Кымбат Жетпіспайқызына табыстады. Бұдан соң өңір басшысы сәні мен салтанаты келіскен мектеп ғимаратының ішкі құрылымымен танысты.

Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий