Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалында ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын негізге ала отырып «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолайлы орта құрудың басты стратегиялары мен құрылымдары» тақырыбындағы облыстық тренинг ұйымдастырылды.
Өңір педагогтері бас қосқан іс-шараның негізгі мақсаты: балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, оларды қатыгездіктен және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау. Іс-шараның алғашқы бөлімінде «Өркен» балалардың әл-әуқатын дамыту ғылыми-практикалық институтының аға оқытушылары Айжан Токбасова мен Ақбаян Елубаева білім алушылар үшін қолайлы тәрбие ортасын енгізу әдістері мен формаларын қатысушылардың назарына ұсынды.
Тәжірибелік бөлімде «Jan ahual» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Гүлнұр Советова психологиялық қауіпсіздік, мінез-құлықты басқару, қарым-қатынас экологиясы ұғымдарын түсіндіріп, тренинг өткізді. Сонымен қатар, МДҰ, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан келген спикер-педагогтер қауіпсіз орта құрудағы маңызды қадамдарды атап өтіп, психологиялық-педагогикалық қолдауды сапалы іске асыруда түрлі тренингтер өткізді.
Тренинг нәтижесінде педагогтер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолайлы орта құрудың басты стратегияларымен, құрылымдарымен танысты, білім алушылардың ментальды денсаулығы үшін қауіпсіз білім беру ортасын құру маңыздылығын түсінді.
Гүлназ ОРЫНҒАЛИЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы Кәсіби даму институтының IT маманы