Абай облысы: Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиналыстар
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ мәселе» онкүндігі аясында ата-аналар мен педагогтерге арналған жиналыс өткізілді. «Білім беру ұйымдарында бала құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, қорқытудың және суицидтің алдын алу қызметінің негізгі аспектілері» тақырындағы жиналыс барлық ауданда ұйымдастырылды.

Жиналыс барысында Абай облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова қазіргі қоғамда рухани құндылықтарды бойына сіңірген баланы тәрбиелеудің ата-ана алдындағы үлкен міндет екеніне назар аударды. Материалдық құндылықтарды алға тартып, рухани құндылықтардан арылып қалудың алдын алу қажеттігін ерекше атап өтті.
Спикерлер білім алушылардың өмір қауіпсіздігіне кері әсер ететін факторлар, жасөспірімдер арасында болатын буллинг пен кибербуллинг, сондай-ақ балаларды қайғылы жағдайларға итермелеуі мүмкін кітаптар мен сайттардың алдын алу мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Өңірлерде өткізілген жиналысқа 89 500 ата-ана мен 12 125 педагог қатысты.
Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ортақ жауапкершілікті арттыруға, ата-аналардың ақпараттануын күшейтуге және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Абай облысының білім басқармасы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелерін одан әрі дамытуға, қоғамда қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.