Ұлттық құндылықтар – тағылымды тәрбиенің бастау бұлағы
Ұлттық құндылықтарымыз ретінде ана тіліміз бен ата-бабаларымыздың ғасырларға сабақтасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары туралы тағылымды әңгімені бізге отбасында кішкентай кезімізден әке-шешеміз, ата-әжелер ұдайы үйрету арқылы қазақ халқының басқа ұлттардан ерекшелігі ретінде санамызға сіңіріп, тал шыбықтай өсіре бастаған болатын. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін сынып жетекшіміз, ұлағатты ұстаз Жанат БЕРДЫҒОЖАЕВА бастауыш сынып оқушыларына арналған әрбір пәнді оқыту кезінде мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ұлттық құндылықтардың мән мен маңызын терең түсіндіріп, дәріптеуіміз қажеттілігін ұғындырудан жалыққан емес.

Апайымыздың үйретуі негізінде үлкендерге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік танытудан бастап, сыпайы сәлемдесуді, жеке тұлға ретінде өзімізді дербес ұстай білуді, адалдық пен адамгершілікті, инабаттылық мен мейірімділікті, қазақша дұрыс айтып, сауатты сөйлей білуді, әдептілікті, жеті атаның шежіресін жаттауды, байырғы бабаларымыз күнделікті тұрмыс-тіршілікте жиі пайдаланған қажетті заттар мен көне бұйымдар туралы мол мағлұматтар алғанымызды айрықша атап айтып, майталман мұғалімімізге ризашылығымды жеткіземін.
Себебі ұлттық құндылықтармен сусындау арқылы біздің дүниетанымымыздың көкжиегі кеңейіп, шығармашылығымызды ұштауға жол ашылды. Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді үйрену арқылы тіл байлығымыз молайып, сөйлеу мәдениетіміз кеңейді. Сынып оқушыларын ұлттық мерекелерде жақын-жуықтарын (ата-әже, әке-ана, аға-апаларын) ортақ мақсат пен мүдде тұрғысында бірге қатыстырудың нәтижесінде ең алдымен туыстық қарым-қатынасты нығайту арқылы әрбір баланың өз ұлтына деген мақтаныш сезімін оятуға бағытталатындығын білеміз.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет – өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ол болашақ ұрпақты өмір сүруге тәрбиелейтін үлкен тәрбие құралы. Бұл қазына ұлттық құндылықтар арқылы бала бойына сіңері даусыз. Олай болса барлығымыз өскелең ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымызды басшылыққа аламыз деген ойдамын.
Маған ұстазымыз Жанат Ахметқызының жиі қайталайтын “Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле”, – дейтін ата-бабаларымыздан мирас болған мәйекті мақалы ерекше ұнайды. Бастауыш сыныпта барлық пәнді ұлттық құндылықтармен ұтымды ұштастыру арқылы үйретудің өзі мұғалімнің шеберлігі екендігі даусыз. Себебі бұл өте ауқымды біртұтас жүйе екенін түйсіне бастадық. Және де қазақ халқының көркем мәдениеті мен төл өнері жөн-жоралғыларға қоса ұғым-түсініктер, дағды мен көзқарастардың жиынтығы ретінде мемлекеттік деңгейде бағаланатындығымен де өте құнды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ арнайы тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеп, Үкімет тарапынан мақұлданған “Біртұтас тәрбие бағдарламасына” биылғы жаңа оқу жылында заман талабына сай адал әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың басым бағыттарына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бастауыш сыныптан бастап орта мектеп пен колледжерде жоспарға сай жүйелі жүргізіле бастағандығына куәміз.
Инжу Фаридовна АМИРОВА,
Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы
орта білім беру мектептің 4-ж сынып оқушысы,
“Сөз маржан” Collaboration Fest республикалық
байқауының қалалық кезеңіне қатысушы
үміткер, Павлодар қаласы