КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы егемен еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап, білім беру кеңістігінде ұзақ уақыт еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген ұлағатты ұстаздарды ұлықтады.
Өңір педагогтері мен білім мекемесінің басшылары, кәсіподақ көшбасшылары Ұстаздар күні, Қазақстан кәсіподақтар күні, еңбек күні, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылы» аясында ұйымдастырылған шараға жиналды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының игі дәстүріне айналған “Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау” шарасы осы мерекелердің мән-маңызын арттырып, ұстаздардың қуанышын еселей түскендей. Атаулы күндер қарсаңында бала тәрбиесінде айрықша еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелері марапат биігінен көрінді.
Салтанатты жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ұлағат иелері мен кәсіподақ белсенділерін мерейлі мерекемен құттықтады. Өмірдің шамшырағы болған әрбір ұстазға шығармашылық табыс пен еңбегіне жеміс тілеп, ардақтауға лайық абзал жандар екенін айшықтады.
– Бауыржан Момышұлының «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген қанатты сөзі бар. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын, ардақты ұстаздар, Сіздерсіздер. Ұстаз мүддесі мен құқығын қорғау әрдайым Салалық білім кәсіподағының да ұдайы назарында бола бермек. Біздің басты мақсатымыз — ең алдымен, еңбек адамының мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін қорғау. Еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік- экономикалық қолдау көрсету, ұжымдағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін асыру болып табылады,- Р.Серікова.
Мерекелік шарада Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті.
Салтанатты шара аясында білім саласында қажырлы еңбек еткен 130-ға жуық ұстаз білім кәсіподағы түрлі марапаттарына ие болды. Атап айтсақ, салтанатты кеште кәсіподақ бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп жүрген бір топ әлеуметтік серіктестің кеудесінде «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі жарқырады. Төсбелгі иелеріне облыстық кәсіподақ ұйымының 200 мың теңгелік сертификаты берілді. Одан бөлек, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен 50 мың теңгелік ақшалай сертификаты табысталды.
Әр түрлі білім додаларында топ жарып, қоржынын жүлделермен толтырып жүрген «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» және «Ақтөбе облысының үздік педагогы» байқауының үздіктері 400 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамына Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының сыйақысы мен Құрмет грамотасы берілді.
Бірқатар үздік мамандар білім саласындағы жемісті еңбегі мен сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін, азаматтық құқықтарын қорғауға бағытталған нәтижелі еңбегі үшін 50 мың теңгелік ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Ал, өңірдің үздік 55 ұстазы күзгі демалыста «Мерке» шипажайында ем алып, денсаулықтарын нығайтатын болады. Сонымен қатар білім саласында табысты еңбек етіп жүрген өңірдің 30-ға жуық кәсіподақ мүшесі Ташкент-Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа мүмкіндік алды.
Салтанатты шарада кәсіподақ мүшелеріне Білім басқармасының және облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар, аталмыш мекеменің негізгі бағыттары бойынша белсенді жұмыс істеген азаматтар арнайы аталым бойынша құрметке бөленді.
Салтанатты жиын соңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірдік университетінің және Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің өнерпаздары ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі
Загрузка...