ҚазҰУ-да «Ғылым мен қоғамның өзара іс-қимылы» атты халықаралық форум өтуде
Әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–да филология факультетінің «Орыс тілі мен мәдениеті» орталығы ұйымдастырған «Ғылым мен қоғамның өзара іс–қимылы: тіл, инновация, мәдениет» атты халықаралық форум өтуде.
Білім ордасының 90 жылдығына арналған халықаралық форум ғылыми білімді қоғамдық салаға интеграциялауға, ғылымға қызығушылықты ынталандыруға, ғылым мен мәдениеттің өзара іс-қимылына қатысты мәселелерді талқылауға бағытталған.
Іс-шараның модераторлары: филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова және педагогика ғылымының докторы, профессор, «Орыс тілі мен мәдениеті» орталығының жетекшісі Сәуле Бегалиева.
Форумның ашылуында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова құттықтау сөз сөйледі. «Бүгінгі форум қазіргі әлемдегі дамудың негізі болып табылатын ғылым мен қоғамның интеграциясына деген ұмтылысты білдіреді. Ғылым мен қоғамның өзара іс-қимылы – бұл адамдардың күнделікті өміріне жаңа ғылыми жетістіктердің өзара түсіністігі мен интеграциясына негізделуі тиіс процесс. Қазіргі заманғы сын-қатерлер инновациялық шешімдерді іздеуді талап етеді және біз Қазақстанның көшбасшы жетекші университеті ретінде бұл үрдісте жетекші рөл атқаруға дайынбыз», – деп атап өтті проректор.
«Русский мир» қорының атқарушы директоры (Мәскеу қ.) Владимир Кочин Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы мен ұйымдастырушыларға форум өкілдерін шақырғаны үшін алғыс білдірді. «Барлық ұлттық тілдер назар аударуға және құрметтеуге лайық, бірақ орыс тілі әрқашан халықтардың интеграциясына қызмет етіп келеді. Біз Қазақстанда орыс тілін оқыту деңгейін әрқашан жоғары бағалап келеміз. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алатын орны ерекше, мұнда талай жылдар бойы керемет мектеп қалыптасты. Біз ҚазҰУ-дың Ресей қорының серіктесі екенін және біздің ортақ жобаларымыз бен бағдарламаларымыз бар екенін бағалаймыз. Бүгінгі форум біздің қарым-қатынастарымызды дамытуға және тығыз үйлестіруге қызмет етеді», – деді Владимир Кочин.
Отырыста сондай-ақ вице-консул, Алматы қаласындағы Орыс үйінің басшысы Мария Симакова, филология ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шетел филологиясы және аударма кафедрасының профессоры, МАН ОМ академигі, Орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық қауымдастығы (МАПРЯЛ) президиумының мүшесі, Орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының қазақстандық қауымдастығының мүшесі (ҚАЗПРЯЛ) Элеонора Дүйсенова, филология ғылымының докторы, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің профессоры Владимир Денисенко, филология ғылымының кандидаты, Сібір федералды университетінің профессоры, Ресей аудармашылар одағының Красноярск аймақтық бөлімшесінің бастығы Вероника Разумовская және басқалар баяндама жасады.
Шараға сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының, Сібір федералды университетінің, Өзбек мемлекеттік университетінің, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің, Тәжік ұлттық университетінің, Баку мемлекеттік университетінің, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің және әлемнің басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда.
Форум бағдарламасында пленарлық және секциялық отырыстар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сағаттар, русистика бойынша әдебиет көрмелері, мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Форум материалдары бойынша ғылыми еңбектер жинағы шығарылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Загрузка...