Esil University-ге 25 жыл

Халықаралық қатынастар және инфрақұрылым. Бұдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан экономика саласында білікті мамандардың жетіспеушілігіне тап болды. Бұл қазір Esil University Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің (ҚазҚХСУ) ашылу себептерінің бірі болды. Университет құрылғаннан бері тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын маңызды орынға айналды. Биыл Esil University еліміздегі жетекші білім беру ордасы ретінде өзінің жиырма бес жылдығын мақтанышпен атап өтуде.

«Сейітқасымов оқулары-2024». Жоғары оқу орнының 25 жылдығына арналған «Сейітқасымов оқулары-2024» атты жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға жүзден астам адам қатысты. Олардың қатарында көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Қазақстанның жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ Индонезия, Малайзия, Венгрия, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар болды. Конференцияны Esil University ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаев ашты.

– Университетіміздің 25 жылдығы – бұл тек мерекелеуге себеп емес, жалпы экономика саласының даму перспективаларын талқылауға тамаша мүмкіндік. Осы мерейтойға арналған іс-шаралар легін ашып жатырмыз. Сондықтан, келіп бізді қолдап, жылы лебіз білдіріп жатқан сіздерге алғысымыз шексіз, – деді Аяпберген Алданайұлы. Шақырылған қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы, Esil University құрметті профессоры Ғалым Байназаров, Қарағанды техникалық университетінің ректоры Әбілқас Сағынов және экономика ғылымдарының докторы Сәуле Сағынтаева болды.

Олар өз құттықтау сөздерінде елдегі ғылым мен білім беруді дамытуда конференцияның маңыздылығын атап өтіп, университетті мерейтойымен құттықтады. ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров «ҚР ақша-кредит жүйесінің қазіргі мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында ақша-кредит саясатын жаһандық өзгерістерге бейімдеу қажеттігін ерекше атап өтті.

Заң ғылымдарының докторы, Esil University «Құқық» кафедрасының профессоры Алпысбай Жүсіпов «Заманауи білім берудің құзыреттілік тәсіліндегі құқықтық инновациялар» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық трансформация жағдайында білім беру жүйесін жаңғыртудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Конференция аясында барлығы 202 баяндама ұсынылып талқыланды. Оның ішінде шет елден келген ғалымдардың білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға бағытталған отыз жұмысы бар.

Меморандумға қол қойылды. Esil University Бахчешехир университетімен (Солтүстік Кипр) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға, студенттер мен оқытушылар алмасуын жүзеге асыруға, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға бағытталған.

Айта кету керек, ЗТМО деректеріне сәйкес, университет шетелдік Каннам университеті (Оңтүстік Корея), Еуропалық университеті (Швейцария), Final University (Солтүстік Кипр) және College de Paris (Франция) бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырды. Небәрі төрт жыл ішінде Esil University студенттері «қос диплом» бағдарламасы бойынша бір уақытта 2 диплом алады: оның бірі шетелдік жоғары оқу орнынан.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Esil University 25 жылдығы аясында Индонезия, Латвия, Өзбекстан, Малайзия, Венгрия, Ресей ғалымдары қатысқан «Global Conference on Environmental Sustainability and Natural Resource Governance» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияда Мұхаммеди Сидоарджо университетінің Заң факультетінің профессоры (Индонезия) Мохаммад Танзил Мултазам «Blockchain and DeFi Technologies for Enhancing Transparency in Natural Resource Governance» тақырыбында Ташкент Мемлекеттік экономикалық университеті, Самарқанд филиалы (Өзбекстан) экономика ғылымдарының кандидаты Бобур Сабиров «Creative Entrepreneurship: Building Economic Resilience through Innovation and Creativity» тақырыбында сөз қозғады.

Венгрия халықаралық қатынастар институтының бас кеңесшісі және аға ғылыми қызметкері, сондай-ақ Сечений Иштван университетінің профессоры Васа Ласло «Middle Corridor’s potential role in the Integration of Central Eurasian Countries» тақырыбында, басқа да шетелдік және отандық ғалымдар өз жұмыстарын қорғады. Конференцияда қорғалған зерттеу жұмыстары SCOPUS дерекқорының жетекші ғылыми басылымдарында жарияланады.

Арнайы аудиториялар мен зертханалар ашылды. Esil University-дің 25 жылдығына орай Қазақстанның білім және ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен профессорлардың құрметіне арналған аудиториялары салтанатты түрде ашылды. Университеттің бірінші ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ғабдығапар Сейітқасымовтың есімі берілген дәріс кабинеті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенғали Әбдіманаповтың «Математикалық және компьютерлік модель», экономика ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі Алданыш Нұрымовтың «FinTechLab» және экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау Байзақовтың «Экономикалық-математикалық модельдеу» оқу лабораториялары ашылып, келген қонақтар тарапынан жылы лебіздер айтылды.

Іс-шараға Esil University басшылығы, оқытушылар құрамы, профессорлардың туыстары, достары, ғалымдар, докторанттар, магистранттар, серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік қонақтар мен университет түлектері қатысты. Esil University ректоры Аяпберген Таубаев өз сөзінде бұл оқиғаның маңыздылығын ерекше атап өтіп, жаңа аудиториялар мен зертханалар ғылыми прогресстің, білім берудегі жетістіктердің орталығына айналатынын айтты. Сондай-ақ, ол болашақ ұрпақтың білім алуына шабыт беретін ғалымдардың құнды еңбегіне ризашылығын білдірді.

Болашақ жатақхананың бірінші капсуласын салу рәсімі. Бұл іс-шара университеттің 25 жылдығын мерекелеу аясында болашақ құрылыс алаңында ұйымдастырылды. Іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Аппарат басшысы Мадияр Қожахметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрханов бастаған құрметті қонақтар қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Бәріңізді осындай ізгі бастамамен құттықтаймын. Біз министрлік ретінде барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінде алда тұрамыз. Биыл он мыңға жуық орынға жатақханаларды бітіру жоспарланып отыр. Келесі жылы орын санын 15 мыңға жеткізу мақсаты тұр. Сондықтан, қосымша ақша бөліп, Мәжіліс тарапынан қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Негізгі мақсат – бұл мәселені 2-3 жылда шешу, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Аппарат басшысы Мадияр Қожахметов.

– Бүгін үлкен іс-шараның басында отырмыз. Құрылыстың оңды басталып, оңды аяқталуына тілектеспін. Инвесторлардың маңызды құрылыс нысандарына араласып, көмек білдіріп жатқаны біз үшін үлкен қолдау. Астана қаласы әкімдігі тарапынан инвесторларды тартып, бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрханов. Жаңа ғимарат бес жүзден астам орынға арналады және МЖС (Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік) арқылы ҚР ҒЖБМ «Қаржы орталығы» АҚ және Астана қаласы әкімдігінің жанындағы жобалық кеңсенің қолдауымен салынады.

– Бүгін біз жаңа жатақхана жобасын таныстырып отырмыз. Жоспарға сәйкес, ғимарат бес қабатты, жалпы ауданы – 6600 шаршы метр. Жатақханада барлығы бес жүз төсек орын қарастырылған. Ең астыңғы қабатта 210 адамға арналған асхана болады. Қалған қабаттарда стандарттарға сай үш және төрт бөлмелі орындар, сондай-ақ кіріктірілген жуынатын бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Әр қабатта кір жуатын, үтіктейтін бөлмелер, тұрмыстық ас үй және демалыс бөлмелері болады, – деді түрік инвесторы Taha Altayli.

Esil University ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаев жиналғандар алдында сөз сөйлеп, студенттер үшін заманауи мүмкіндіктер жасау университеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол осы маңызды жобаны қолдаған барлық серіктестерге, соның ішінде «Matte Development & Construction» ЖШС алғысын білдірді. Іс-шарада 500 орынға арналған жатақхананың макеті таныстырылып, арнайы капсулаға болашақ студенттерге арнап үндеу парағын салу рәсімі өтті.

Мерейтойға арналған мерекелік концерт. Esil University-дің ширек ғасырлық мерейтойын салтанатты концертпен қорытындылады. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев, ҚР Ұлттық Банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрханов қатысты.

Концерт басында Esil University ректоры Аяпберген Таубаев сөз алып, университеттің 25 жылдығына орай жиырма бес маңызды жетістігін тізіп берді. – Esil University-дің 25 жылдығы тек мерейтой ғана емес, бұл ғылым мен білім беру саласындағы жаңа биіктерге апаратын жол. Біз өз жетістіктерімізді мақтан тұтамыз және әлемдік деңгейде сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлау үшін барлық жағдайды жасауды жалғастырамыз, – деді университет ректоры Аяпберген Таубаев. Сондай-ақ, экраннан университеттің қазіргі динамикасы мен толағай табыстары туралы бейнеролик көрсетілді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде: – Адам болмысында өмірді нәрлендіріп, аша түсетін көптеген құндылықтар бар екені сөзсіз. Дегенмен, ағартушылық, біліммен бөлісу адам үшін асқан бақыт болса керек. Сондықтан, ең бірінші профессорлық, оқытушылық құрамды ұстаздар мерекесімен құттықтағым келеді. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан Президенттің бастамалары жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде жоғары білімге аса үлкен мән берілген. Сондай-ақ, ғылымды қаржыландыру жылдан жылға өсуде. Өздеріңіз куә болғандай, Esil University инфрақұрылым, цифрлық даму, ішкі білім сапасы, халықаралық аккредитация, серіктестік бағыттарында өзін жан-жақты көрсетуде. Esil University-ді біз қолдан келгенше қолдауға дайынбыз, – деді. Сондай-ақ, ведомство жетекшісі қазан айының бірі – Жоғары білім қызметкерлері күні деп бекітілгенін тілге тиек етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы жоғары білім саласы өткен жылдарда бірнеше қиындықтарды бастан кешіргенін және Esil University сол кезеңнен сәтті өткен университеттердің бірі екенін атап өтіп, білім ордасын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Іс-шарада ғылым саласына еңбегі сіңген оқытушылар мен профессорлар Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Салтанатты іс-шарада «Сарыарқа» халық ансамблі, НАЗ мемлекеттік би театры, халықаралық байқаулардың лауреаты Мұратбек Хайролда, Фируза Рахметова және университет өнерпаздары өнер көрсетті. Айта кету керек, Esil University отандық жетекші гуманитарлық-экономикалық жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісі бойынша төртінші, ал ҚР-ның жоғары оқу орындарының жалпы рейтингі бойынша сексеннен астам университет пен институттардың арасында 13-інші орынды алады.

Esil University баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий