СЕМЕЙДЕ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ БОЙЫНША «PROFCITY – 2024» ШАРАСЫ ӨТТІ
«Абай арена» спорт кешенінде жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен мектеп оқушыларына арналған «ProfCity 2024» кәсіби бағдар беру шарасы өткізілді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Облыста алғаш ұйымдастырылған іс-шараға қала мектептерінен 20 мыңнан астам оқушы қатысты.
Бұл шараның мақсаты – оқушыларға болашақ мамандық таңдауда көмек көрсету, пайдалы кәсіптер туралы көзқарастарын дамыту және мамандықтардың ерекшеліктерін таныстыру. Оқушылар өздері таңдаған мамандықтардың қиындықтары мен қызықты тұстарын тәжірибеде сынап көрді.
Қатысушылар 20 түрлі станциядан құралған тәжірибе алаңында мамандықтар жөнінде тереңірек ақпарат жинады. Командаларға бөлінген оқушылар шаштараз, тігінші, өрт сөндіруші, әскери қызметкер, фельдшер, ветеринар, газ-электр дәнекерлеушісі, жиһаз жасаушы, дизайнер, электрик сияқты мамандықтармен танысты. Әр станцияда практикалық тапсырмалар орындап, шеберліктерін шыңдады.
Абай облысының білім басқармасы, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау басқармасы және Семей қаласының Полиция басқармасының басшылары да шараға қатысып, оқушылармен тәжірибе алмасты.
Бұл шара елдің экономикалық тұрақтылығын нығайту мен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған, сондай-ақ жастардың кәсіптік білімге деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі
Загрузка...


