АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ПЕДАГОГТЕРІ ӨҢІРЛІК СЕМИНАРДА ТӘЖІРИБЕ ТАРАТТЫ
Өскемен қаласында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне арналған «Құзіреттілік орталықтары: тәжірибе, инновация, перспективалар» тақырыбында өңірлік семинар өтті. Бұл шара ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Семинарға еліміздің барлық аймағынан білім басқармаларының оқу-әдістемелік орталықтары мен кабинеттерінің мамандары, сонымен қатар құзыреттілік орталықтары мен мобильді топтардың педагогтері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында жаңа идеялар мен озық тәжірибелерді талқылау, сондай-ақ болашаққа бағытталған инновациялық шешімдерді іздеу.
Абай облысынан 7 құзыреттілік орталығының өкілдері ретінде 22 педагог қатысты. Олар арнайы шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. «Мектепке дейінгі ұйымның тәрбие жұмысында қолданылатын көрнекі құралдар» көрмесін ұсынды. Педагогтер мобильді топтар мен құзыреттілік орталықтарының тиімді жұмысына қатысты озат әдістерді көрсетіп, өз тәжірибелерін ортаға салды.
Семинар барысында мобильді топтардың, құзыреттілік орталықтарының және консультациялық пункттердің қызметі мен болашағы талқыланып, тәжірибе алмасу шаралары өткізілді. Пленарлық отырыста Абай облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының мектепке дейінгі, мектепалды даярлық және бастауыш білім беру бөлімінің басшысы Айжан Жұмағұлова мобильді топтар мен құзыреттілік орталықтарының қызметі туралы баяндама жасап, аймақтың озат тәжірибелерін таныстырды.
Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, алдағы жоспарлар мен ұсыныстарды талқылады.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі
Загрузка...
