Бастауыш мектепте математикалық сауаттылықты қалыптастырудың маңызы
Бастауыш мектепте математикалық сауаттылық дағдыларын дамытудың алғышарттарының бірі логикалық зерттеу тапсырмаларын ұсыну. Тұлғаның нақты мәдени ортада өмір сүру қызметін іске асыру үшін математикалық білімі, білігі, дағдылары қажет болады. Математика пән оқу бағдарламасының әрбір бөлімінде берілген мақсаттар баланың өмірдегі қиындықтарының, түрлі мәселелерді шешудің жолдарын іздестіріп, табуға көмектеседі.

Түрлі жағдаяттарда қарым-қатынасқа түсе алу даярлығын білдіретін құзыреттілікті қалыптастырады. Ол үшін ең алдымен мұғалім құзыретті болуы тиіс. Пәндік терең біліммен қатар пәнді оқытудың әдіснамалық негіздерін де меңгеріп, балаларға әрбір дағдыны қалыптастыруда кәсіби дайындығының болуы шарт. Мысал ретінде өзімнің тәжірибемде математика сабағында оқушылармен мынадай логикалық есептің шешімін табуда қандай оңтайлы жолдары болатынын қарастырдық.
“Менің отбасымда әкем, анам, апам, інім және оның екі апасы болып тұрамыз”. Сұрақ: отбасымызда неше адам бар? Сұрақ қойып отырған отбасының қай мүшесі? Мұнда оқушылар түрлі нұсқаларды, соның ішінде рөлге бөлу арқылы, схема, сызба, өмірмен байланыстыру және тағы да басқаларды ұсынды. Осылайша есепті шығарудың түрліше тәсілдерін қолдана отырып, өз бетінше өмір сүре алуда кез келген мәселе туындаған кезде жауап бере алатын, көпөлшемді мақсат дағдыларын игерген тұлғаны тәрбиелейміз.
Балияш Алекешовна КУАНБАЕВА,
“Жайсаң бала” жеке бастауыш мектеп –
гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі,
педагог-зерттеуші, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы