АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ КҮН ЭНЕРГИЯСЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНАТЫН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫН ҰСЫНДЫ
Бородулиха ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Жеңіс Божаев күн энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерге пайдалану мүмкіндіктерін зерттейтін құрылғы жасады. Бұл жоба арқылы оқушы көмір, отын және электр энергиясына деген тәуелділікті азайтып, экологияға зиянды әсерді төмендетуді көздеп отыр.
Жоба барысында Жеңіс күн коллекторының сызбасын әзірлеп, бөлшектерді таңдап, қондырғыны құрастырудан бастады. Ол күн коллекторы арқылы ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық ғимараттарды жылытуға және су қажеттіліктерін қамтамасыз етуге болатынын анықтады. 30-90°C аралығындағы суға қажеттілік, әсіресе, ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін ескерген оқушы, бұл жүйенің өңірдегі маңыздылығына назар аударды.
Коллектордың құрастырылуында Жеңіс ағаш каркас пен пеноплекс жылу изоляциясын қолданып, жүйенің қос қабатты шыны арқылы герметикалық тығыздығын жасады. Жылу аккумуляторы ретінде арнайы ыдысты қолданып, тиімділігін сынақтан өткізді. 0,33 м² көлеміндегі коллектор құрылғысы 30°C температураға дейін қызу беріп, күні бойы 2 142 000 Дж энергия жинай алатынын көрсетті. «Бұл жобаны іске асыра отырып, аймағымызда экологияны жақсартуға үлес қоса аламыз», – дейді Жеңіс.
Оқушының есептеуінше, 23 м² аумақты қамтитын күн коллекторы орташа үйді жылытуға және ыстық сумен толық қамтамасыз етуге жетеді. Мұндай құрылғыны үйдің төбесіне орналастыру тиімді әрі кеңістікті үнемдейді.
Жеңіс алдағы уақытта жобаны қыс мезгілінде сынақтан өткізуді және құрылғының тиімділігін одан әрі зерттеуді жоспарлап отыр.
Жоба жетекшісі: физика пәнінің мұғалімі Владимир Власенко.
Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі
Загрузка...