АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ 2000-ҒА ЖУЫҚ АУЫЛ БАЛАСЫ ҮШІН ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ

Үржар ауданы Жансүгіров атындағы орта мектепте IQanat олимпиадасының бірінші кезеңі өтті. Олимпиада ауыл оқушыларының логикалық, математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеру қабілеттерін бағалауға бағытталған. Дәстүрлі тестілеуден ерекшелігі – академиялық жетістіктер мен бағаларға қарамастан, әр оқушыға қатысу мүмкіндігі беріледі.

Биыл жетінші рет өткізіліп жатқан IQanat олимпиадасы Абай облысының барлық ауданын қамтып, 1943 қатысушыға білім додасында бақ сынауға мүмкіндік берді.

Ел бойынша 170 ауданнан 56 мыңнан астам ауыл оқушылары қатысуға тіркелді. Бірінші тур нәтижесінде облыстық кезеңге қатысушылар анықталып, олардың жеңімпаздары 2025 жылдың жазында өтетін финалда бақ сынасады. Финалға өткен оқушыларды ағылшын тілі, IT жобалар, кәсіптік бағдар беру, ҰБТ және IELTS дайындықтарын қамтитын қарқынды білім беру бағдарламасы күтеді.

IQanat жобасы аясында дайындықтан өткен оқушылар Қазақстан мен шетелдегі үздік жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, әлемнің 17 елінде білім алуда. Бұл – Қазақстанның барлық өңіріндегі ауыл оқушыларын қолдауға бағытталған 150-ден астам қазақстандық кәсіпкердің әлеуметтік-білім беру жобасы.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий