Елімізде алғаш рет «Егемендігім – елдігім!» атты республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысы өтті
Оқу-ағарту министрлігі Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен бірлесіп «Егемендігім – елдігім» тақырыбында республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысын ұйымдастырды. Оған еліміздің 20 өңірінен 12-18 жас аралығындағы 22 жас ақын қатысты.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтыс ұлттық құндылықтарымызды ақындық өнер арқылы жас ұрпаққа насихаттау ғана емес, сондай-ақ оқушыларды адал, саналы, жасампаз азамат ретінде тәрбиелеудің рухани құралы деп атап өтті.
«Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында айтқан маңызды мақсаттарының біріне қол жеткізу үшін министрлік жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, патриотизм мен еңбекқорлық қағидаттарына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Кез келген елдің бірлігі мен өркендеуі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуге байланысты. Айтыс – өнер сайысы ғана емес, жастарымыздың шығармашылық, рухани-мәдени әлеуетін дамытатын, эстетикалық тәрбие жүйесін жетілдіретін маңызды алаң», – деді Ғани Бейсембаев.
Айта кету керек, айтыс «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында бекітілген «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының алғашқы тоқсанын қорытындылайды.
Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Бас жүлде және «Қола домбыра» иегері – Ислам Әли Біржанұлы (Шымкент қаласы);
I орынды Бейбіт Байжігіт (Маңғыстау облысы) иеленді;
II орынды Арай Нұрадин (Ақтөбе облысы), Айғаным Мақсұтханова (Астана қаласы) бөлісті;
III орын – Рауан Нұршабеков (Алматы облысы), Нұрислам Рогатов (Қостанай облысы), Ерасыл Сейітжанұлы (Алматы қаласы).
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табыс етіліп, жас ақындардың тәлімгер-ұстаздарына ҚР Оқу-ағарту министрінің алғыс хаты берілді. Сондай-ақ жас ақындар арнайы жүлделермен де марапатталды. «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім гранты беріледі.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Загрузка...