Ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың III облыстық кезеңі аяқталды
Қазан айының 29-ы мен қараша айының 2-сі күндері аралығында еліміздің тоқсан үш тірек мектебінде 12 мыңға жуық оқушы он үш пәннен екі турдан тұратын тапсырмалар орындап, үздіктер анықталды.
Ұлытау облысында өткен марапаттау рәсіміне «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов арнайы қатысып, жеңімпаздарға құттықтау сөзін жеткізді.
Олимпиаданың IV республикалық кезеңіне үш кезеңде ең үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар (әр пән мен сынып бойынша екі қатысушыдан артық емес) қатысады: жаратылыстану-математикалық бағытта 9-11 (12) сынып оқушылары; қоғамдық-гуманитарлық бағытта 10-11 (12) сынып оқушылары. Естеріңізге сала кетейік, олимпиаданың бірінші кезеңіне жүз мыңнан астам оқушы қатысып, олардың 54 мыңға жуығы екінші кезеңге жолдама алған болатын.
Үшінші кезеңге өткен он екі мың қатысушының ішінен 1088-і республикалық кезеңге жолдама алады. Сонымен қатар, өткен жылғы жеңімпаздар биылғы олимпиаданың республикалық кезеңіне (сол пән бойынша) конкурстан тыс қатысу мүмкіндігіне ие. Қатысушыларға алдағы ақтық кезеңде сәттілік тілейміз!
Серікжан ДАМЫСХАН,
«Дарын» республикалық ғылыми-
практикалық орталығының әдіскері