Ақмола асуында

Өз басым ара-тұра Мұратбектің Ақмола белесін бағындырған шағын айтқанды дұрыс көремін. Себебі, жастық жігері, әуелгі кәсіби баспалдағы Алаш ардақтылары мен Қараөткел көпестерінің ізі қалған тарихи шаһардан, бірақ көп уақыт советтік сиқынан таймаған Целиноградтан байқалды. Атауы – «тың» болса да, жұрнағы «дың» қала. Градтардың сарқыты һәм жалғасы…

Әлі есімде, Алматы медицина институтын бітірген әпкемізді Шымкенттен Целиноградқа 3 жылдық «отработкасына» ұшақпен шығарып саларда, ата-анамыз шетелге аттандыратындай күй кешетін. Тым алыс, аса суық, жат жұрты көп мекен саналатын…

Енді Мұратбегіміз осы қалаға өзі сұранып, өндіріс һәм ауыл шаруашылығының журналистикамен тонның ішкі бауындай байланысын меңгеру үшін бет түзегені нағыз қиял-ғажайып дүние емес пе? Оның үстіне Алматыдағы республикалық газеттің бірінен шақыру ала тұрып, осында ойланып-ақ тартқанын қаперге алып қойыңыз. Мұратбек Балқыбекұлының Ақмола асуы үш сипатымен айшықталады.

Біріншісі – меншікті тілші ретінде танымалдығы. «Егемен Қазақстанды» Шерағаң басқарған кезде «Ақмола үшін айқас» деген айдармен талай материалы жарияланды. Мұнда кіммен кім айқасып жатқаны түсінікті. Ескі кеңестік жүйе мен тәуелсіз Қазақстан арасындағы шайқас. Соның жуан ортасында Мұратбек Тоқтағазин жүр. Қолында Қабанбай бабасының кейінгілер жарнамалап жүрген «зіл батпан» қылышы емес, Қабекең (Ерасыл емес, Ізбасар) қалауындағы парсы ұстасы соққан зұлпықардың зұлпықары сынды түп-түзу қалам. Әйдә, сілте! Мәкең осы арқылы ұлттық журналистика әлемінде жарқ ете қалды.

Екіншісі – Ғани Мұратбаев пен Александр Коростелев секілді жастай комсомолдан партияға, партиядан азатшыл хартияға қол жеткізген жас қайраткерлердің бірі. Ол 26 жасында халық депутаттары Целиноград қалалық  кеңесінің халық қалаулысы болып сайланды. Мысалы, дәл осы жасында бүгінгі едәуір ақын-жазушы КазГУ журфагының 1-2 курс студенті еді…

Үшіншісі – Ақмоланы қазақыландыруға атсалысуы. Осында Алдан Смайыл мен Әнуарбек Ералы, Жылқыбай Жағыпарұлы мен Кенже Жұмағұл сынды қаламдас, тағдырлас ағаларымен бірге топоним Қараөткелдің де, газет «Қараөткелдің» де өтінде жүрді. Оң жағында – ақын Нұрғожа Ораз, сол жағында – эстет-журналист Жомарт Әбдіхалық … кіл мықты ағалар мен жағалар. Ақмоланың болашақ астана болу атмосферасын жасады.

Мен Мұратбек Тоқтағазинді ең алғаш 1996 жылы күзде көрдім. Ол кезде, курстасы Бауыржан Омарұлы айтатындай, әлі текпершектің төрт басқышынан бірден аттайтын кезі. «Егемен» ел газетінде. Айдарынан жел еседі. Өр һәм өр Алтайдан жаңа келгендей шағы. Кейін, 1997-1998 жылдары Ақпарат министрлігі көшіп келетін Ағарту үйінің бір қабатында офисі болды. «Мен әкімге кеттім, бүгін ауыл шаруашылық министрі келеді…» деп қайда баратынын, кіммен кездесетінін ашық-жарқын айтып жүретін.

2000 жылы «Ақмола ақиқатының» (қазір «Астана ақшамы) 10 жылдық мерейтойында ұшырастық. Бір әріптестерді нұсқап: «Осылардың жазуы да, өзін-өзі ұстауы да қызық…», – деп, кейде ағалық, кейде інілік сынын айтып тұрды. Оның ашықтығы, ақкөңілдігі, Семейде туса да оқта-текте Шымкентте туғандай әсер қалдыратыны есте қалыпты. Иә, Шым қала десе, жұрт күле береді. Жоқ, біз еті тірілікті айттық. Қызық болғанда, ол мына заманда Астанада жүріп, Шымкенттің газетін басқарды. Сөйтіп, ел мен жұртты, зиялылар мен азаматтарды тұтастандырды. «Әділет» атты басылымның ақжолтай, ақдидар, ақтілек материалдарын ұмыта қойған жоқ шығарсыздар.

1997-1998 жылдары мұраты айқын Мұратбек Балқыбекұлы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан ағасына көмектесіп, басылым редакциясының бас офисін Ақмолаға көшіру үдерісіне аянбай атсалысты. Ел газеті қызметкерлері отыратын ғимаратты таңдау, журналистерге қожетімді пәтер іздеу, т.б. ұйымдастыру жұмыстары аз болған жоқ. Күрделі кез шұғыл шешімді өмірге әкеледі. 1998 жылы Уәкең, 1999 жылы Мұратбек те «Егеменнен» басқа қызметке ауысты. Бірақ бұл азаматтар әйгілі журналист-редактор Нұртөре Жүсіпше «Мен кеттім!..» деп мәселенің мәнісін меңзеп мақала жазған жоқ. Құдай бұйыртқан жұмысын қаузап, тіршілік кешіп жатты.

Мұратбектің бизнеске кеткенін өзі де, жақын жолдастары да айтып жүрді. Ұмытпасам, 2002 жылдың шамасы. Не ақпан, не наурыз кезі. Жерде қар жатқан. Ескі орталықтың бір көшесінде қоңыр тон (дубленка) киген Мәкеңмен ұшырастым. Амандасып, мал-жанды сұрастық. «Иә, бизнестемін. Мына жақ – Ресей, Мына жақ – Қытай, Түркияңыз бен Еуропаңыз тағы бар, сауданы қыздырып жатырмын. Ірі жобаларым бар. Бірақ, қаламды қолымнан тастаған емеспін. Таяуда мүмкін қазақ-орыс тілдерінде газет ашамын ба деген ойым да бар. Ең бастысы, роман жазып жатырмын…», – деді. Біз: «Роман не туралы?», – деп сұраймыз ғой. Бұған ол саспай: «Кейін шыққанда оқисыңдар. Оны оқыған біраз адам жылайды, біраз адам қуанады…», – деп жұмбақтап жауап берді. Содан кейін талай су ақты. Романнан әлі хабар жоқ. Бәлкім, қолжазбасы сүрленіп жатқан да шығар…

2003 жылы қаламгер-қайраткер Бауыржан Омарұлы Астанаға Мәдениет министрлігі Тіл департаментінің төрағасы болып келді. Бастапқы бірер ай досы, курстасы Талғат Батырханның құтханасында – «тортханасында» тұрды. Сол кезде «омыртқа» (соғым еті) мен құдайы тамақтарда саяқ бизнесмен Мұратбек Тоқтағазинмен кездесіп қалып жүрдік. Жаңылыспасам, 2007-2008 жылдардың шамасы болса керек, Бауыржанның «Астана хабары» мен «Айқында» жүрген кезі, Талғат пен Мұратбекті ізденуші етіп бекітіп, кандидаттық диссертация қорғату жобасы көтерілді.

Тарлан Тәкең: «Кандидаттық менің қолым емес», – деп, тұрмыс пен журналистиканың тар жол, тайғақ кешуін айтып, жобадан бас тартты. Бизнес мойынсерігінде жүрген Мұратбек Балқыбекұлы бірден келісе кетті. Тақырыпқа Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын таңдап, Алматы-Астана арасын жол қылып жүрді. Бұған жары мәдениетті Мәдениеттің қамқорлығы ерекше болды деп ойлаймын. Сөйтіп, 2010 жылы біздің Диссертациялық кеңесте абыроймен ғылыми жұмысын қорғады. Бірер жылда кандидаттығы негізінде монографиясын, кейін Әзекең туралы естеліктерді құрастырып, ғылым әлеміне жарқ-жұрқ етіп енді.

Арада екі жыл өтпей: «Мен енді докторлық диссертациямды Беларусь елінде қорғаймын», – деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Минск ауылындай болған кезі де есімізде. Сол шақта Б.Омарұлы оған «Тоқташенко» деген тамаша псевдоним тауып берді. БГУ-дың профессор шал-кемпірлері туралы әңгімесін айтып тауыса алмайтын. Соның ішінде бір қартаңдау апай мұны шәкірт етіп таңдап, баласындай қамқорлығына ала бергенде, дүниенің бүлінгенін көрмейсіз бе? Өгіз тектес зубр өлкесі айдалада қалды. Бүгінгі славян елдері арасындағы қақтығыс, соғыс Мұратбектің қорғамауына көрінді ме, мәселенің түйінін тарқату геосаяси сипатқа ие болып тұр…

Біз Еуразия ұлттық университетінде Мұратбек Балқыбекұлымен 10 жылдан астам бірге істестік. Бәукең жазатын «Қобыратып түнімен көп қағазын…» Мәкең ағыл-тегіл идеяның, шараның, марапаттаудың көрігіне айналды. Бір аңқылдаған дос ағасы екеуі ізденгіш ортаны медаль, төсбелгіге қарық етіп жүретін. Екі-үш мәрте шетелдік іссапарда болды. Айтпақшы, ол әдебиеттану мен журналистика мамандары арасынан Скопусқа (әлемдік әралуан ғылыми журнал) мақала жариялаудың жүйрігіне айналды. Бес ғалымның басын қосып, ізденістерін ағылшынша «5»-тікке әп-сәтте жазып тастайды. Сөйтіп жап-жаңа заманның ғалымы болып шыға келді. Қауымдастырылған профессор атанды. Қауымы да, шәкірті де – ENU-дың журфагі.

Қанша зайырлы қоғамбыз десек те, Мәкеңнің бір қырын айтуға пейілдімін. Ол – имани намазхандық қасиеті. Жалпы қаламгерліктен, ғылымнан имандылыққа барған азаматтың бәрі дерлік абыройлы болды. Бұған кәсіпкер, іскер, қаламгер Бейбіт Сапаралының тәжірибесін айтсақ та жеткілікті. Біз Ақмолаға қоныс аударғаннан кейін дін қайраткері Садуақас Ғылманидың мұрасын жинап-теріп, кітап етіп жарияладық. Перзенті Үкіжан Садуақасқызымен жақын байланыс орнаттық. С.Ғылымани мешіті мен мұражайының жанашыры болдық. Имани құтханаға жолымыз түскенде (айт намазы, т.б. қуаныштарда) басына тақия киген Мұратбекті жиі көретінбіз және ол жамағаттың өз адамы, өз зиялысы болып жүретін.

… Ілгеріде курстастары оны советшелеп «Мурка» атап жүргенін (әрине, еркелетіп) байқайтынмыз. Құдайы ас, өлім-жітімде арамызда суырылып Құран оқитын да – сол Мұратбек. Бірде біз дос-жар азаматтарға: «Молданы Мурка деуге бола ма?», – деп төтеннен сұрақ қойдық. Олар ойланып: «Рас-ау, соны ойламаппыз!», – десті. Содан советтік атау ақырын-ақырын жылыстап, құрдымға кетті…

«Әділет» газеті бір бөлек, Бас редакторлар клубының вице-президенті ретінде Мұратбек Балқыбекұлы талай шараны атқарды. Соның арқасы шығар, биыл қоғамдық, ақпараттық қызметі үшін мемлекеттік ілтипат – «Құрмет» орденімен марапатталды. Түптеп келгенде, оның бастауы – Ақмола асуын бағындырған еңбегі! Мәдениет ханым екеуі бәсекеге қабілетті үш ұл тәрбиелеп өсірді. Алды АҚШ-та оқып маманданып, соңы – Финнің рейтингі жоғары университетінің креативті студенті. Иә, оның жазылу үстіндегі романының бөлімдері, тараулары телегей теңіздегідей «толқынан толқын туып, толқынды толқын қуып, толқынмен толқын жарысып» жатқанын іштей сеземіз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас
директоры, академик

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий