Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Білім беру ұйымдарында тәрбие жүйесін жетілдіру бағыттары
Қазақстандағы білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатында тұрақты түрде жетілдірілуде. Бұл тұрғыда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының енгізілуі – мектептегі тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды жан-жақты, үйлесімді тұлға ретінде қалыптастыру, олардың рухани, адамгершілік және мәдени құндылықтарын нығайту.
Бұл бағдарлама тәрбие жұмыстарының барлық деңгейінде бірізділік пен жүйелілікке қол жеткізуді көздейді. Мектептердегі тәрбие бағыты оқушылардың жеке басының дамуына, азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталады. Оқушыларға патриоттық тәрбие беріп, ұлттық сана-сезімді дамытады. Өскелең ұрпақты қоғамдық өмірге, құқықтық және әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелейді. Отбасылық құндылықтарды нығайтып, әлеуметтік ортамен байланыс орнатады.
Маңызды бағыттары: патриоттық тәрбие. Бұл бағытта Қазақстанның тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрлерін оқыту арқылы оқушыларға Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілік сезімін дарыту көзделеді. Мемлекеттік рәміздерді, ұлттық мерекелерді дәріптеу, мемлекеттің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы ақпарат беру маңызды. Адамгершілік және рухани тәрбие. Оқушылардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтар: адалдық, әділдік, мейірімділік сияқты қасиеттерді тәрбиелеу – басты міндет. Бұл бағытта мектептерде этикалық сабақтар мен тренингтер ұйымдастырылып, оқушыларға жанашырлық пен қайырымдылықты дамытуға көмектесетін жобалар жүзеге асырылады.
Мәдени тәрбие. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және ұлттық мәдениетке деген құрмет қалыптастыру – бұл бағыттың негізгі міндеті. Мектебімізде өнер, музыка және театр сияқты мәдени бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Экологиялық және денсаулық тәрбиесі бойынша оқушыларды қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға және саламатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Бұл бағытта оқушыларымыз табиғатты қорғауда, экологиялық жобаларға қатысады, спорттық жарыстарға белсенділік танытуға бағытталған іс-шаралар өткізеді.
Отбасылық құндылықтар барысында отбасылық тәрбие мен мектептің өзара қарым-қатынасын нығайту арқылы оқушының тәрбиесіне ата-аналарды белсенді қатыстырамыз. Әр отбасының тәрбиелік ықпалын арттыру мақсатында ата-аналармен кездесулер мен тренингтер ұйымдастырамыз. Қорыта айтсам, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – мектептеріміздің оқу процесін жаңғыртуға, оқушыларымыздың рухани-адамгершілік және азаматтық тәрбиесін жетілдіруге арналған маңызды қадам болды. Бағдарлама білім беру жүйесінде тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік берді және еліміздің болашағы болатын жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Берик АНЕСОВ,
М.В. Ломоносов атындағы жалпы
орта мектеп директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы