Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейді

Жас ұрпақтың жаңаша ойлауын, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы болып қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Балаға қоғамда ұлттық тәрбие беру керек.

Олай дейтініміз – ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал болып саналады. Сондықтан да болар, бабаларымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле – сонда ғана оның болашағы биік», – деген. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да, қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бағдарлама – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді.

Біздің ағарту ошағында осы бағдарлама аясында жоспарлы жұмыстар жолға қойылып, жүзеге асырылуда. «Тоғыз айға – 9 іс-шара» жобасымен құрылған жоспарымыз нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Құндылықтарды әр айға жоспарлап, апта дәйексөздерін негізге ала отырып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда. «Адал ұрпақ», «Еңбегі адал жас өрен» деп аталатын арнайы жобалар бар. Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жанынан құрылған «Даналық мектебі», «Әкелер клубы» отбасы құндылықтарын дәріптеуде, ата-аналардың мектеппен байланысын нығайтуда өз үлесін қосып жатыр деуге толық негіз бар.

Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Осы орайда, сабақ барысында адалдық, адамгершілік, жауапкершілік, мейірім, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға баулу – сабақтың бір бөлігіне айналып отыр. Мектептерде тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру болашақ ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттаудың, оқутәрбие процесін тиімді ұйымдастырудың, бала бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп мен отбасының өзара байланысын нығайтудың тиімді құралы болып отыр. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар адал, адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған, отаншыл ұрпақтың қалыптасуына өз септігін тигізетініне сенім мол.

Мақпал МЕНДЕШОВА,
М.Мәметова атындағы №27 мектеп
лицейдің
сынып жетекшісі,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий