“Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы – Химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы республикалық олимпиада: 37 жеңімпаз анықталды
Ұлытау облысында 9–11-сынып оқушылары арасында Қ.Сәтбаев атындағы химия пәнінен республикалық олимпиада аяқталды. Еліміздің әр өңірінен жиналған сексеннен астам оқушы білім бәйгесіне қатысып, 37 жүлдені сарапқа салды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші дәрежелі дипломымен 6 жеңімпаз, екінші дәрежелі дипломымен 12 жүлдегер, ал үшінші дәрежелі дипломмен 19 қатысушы марапатталды.
Олимпиаданың абсолютті жеңімпазы Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицейінің 11-сынып оқушысы Ярослава Кравчук атанды. Олимпиаданың «Ең үздік командасы» номинациясымен және ауыспалы кубокпен Павлодар облысының командасы марапатталды.
Бес жеңімпазға еліміздің ЖОО ректорлық гранттары табысталды– Олимпиада теориялық және практикалық екі кезеңде өткізілді. Қатысушылардың жұмыстарындағы академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында олардың аты-жөндері қазылар алқасына көрсетілмеді. Турлардан кейін барлық жұмыстардың сканерленген нұсқалары, дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланып, YouTube арналарында тікелей эфир көрсетілді. Олимпиаданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына жағдай жасаған «Қазақмыс» корпорациясы мен «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорына, Ұлытау облысының білім басқармасына алғыс білдіремін, – деді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Бес жеңімпазға Павлодар педагогикалық университеті мен Satbayev University ректорлық гранттары табысталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға «Қазақмыс» корпорациясы атынан бағалы сыйлықтар берілді. Олимпиада ұйымдастырушылары: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры, Ұлытау облысының білім басқармасы «Қазақмыс» корпорпциясының қолдауымен.
Орал ШАЙХИНА,
«Дарын» РҒПО бөлім басшысы