Қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл! Танымал тұлғаның тағылымы

Күләш Құнантайқызы ҚҰНАНТАЕВА – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін 16 жыл басқарған білікті басшы, Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор,  Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі және ҚР Педагогика ғылым академиясының Құрметті академигі.

Күләш Құнантаева 1968 жылы өзі білім алған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметіне тағайындалады. Оның тікелей ықпалымен оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар бір мың екі жүз адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылды. Институттың материалдық базасы нығая түсіп, 1969 жылы кітапхананың кітап қоры 230 мың данаға жуықтады. Отыз газет пен екі жүздей әр түрлі журнал жаздырылып алынды.

Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді. Жаңадан он екі зертхана ашылды, студенттер контингенті 6200-ге жетті, факультеттер саны алтыға, кафедралар саны 28-ге артты. Оның әйелдер білімінің дамуы және Қазақстанда білім беруді дамыту туралы төрт жүзден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Оның ішіндегі оқу құралдары мен оқулықтар және монографиялар бар. Күләш Құнантаеваның жетекшілігімен 24 ғылым кандидаты мен докторы дайындалды. Қазіргі күнде де «Құнантаеваның ғылыми мектебі» сабақтастығы сақталған.

Күләш Құнантаеваның ықпалымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі құрылды. Қазақ эстрадасында ең алғаш қыздардан құралған топ – «Айгүл» аз уақыттың ішінде әсем әндерімен, музыкалық жоғары талғамымен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өткен жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдарында ансамбль әлемнің оннан астам елінің сахнасында қазақ әндерін орындап, ұлт өнерінің дамуына зор үлес қосты. Шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды.

Күләш Құнантаева ғылыми-педагогикалық қызметі, ғылым мен білімді дамытудағы және кадр даярлаудағы ерен еңбегі үшін көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» сынды орден-медальдар, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО Жоғары мектебінің үздігі», «Жыл адамы», «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атақтары мен Құрмет грамоталары бар. Күләш Құнантайқызы Құнантаева – отандық педагогика ғылымының дамуына іргелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.

Айдана САДЫРБАЕВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий