Қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл! Қара шаңырақ түлектерінің сағынышты сәлемі
Мен, Семейдің Қарабұлақ ауылынан шыққан, жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігін көріп өскен кішкентай ғана қыз едім. Бала кезімнен үлкен оқу орнына түсіп, ата-анамның үмітін ақтап, еліме пайдасы тиер маман болсам деп армандадым. Сол бала қиялмен мектепті тәмамдап, жәй қала емес, Алматыдай үлкен мегаполистегі «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне» оқуға түсіп, бір арманымды орындадым. Иә, қазір жоғары оқу орындары өте көп, таңдау мүмкіндігі де көп.
Мен, таңдаған сала «физика және математика» мамандығы. Қыз бала үшін оңай сала емес, бірақ, оқу ордамның ұстаздары мені үлкен өмірге дайындап, жақсы маман болуыма көп септігін тигізді. Студенттік өмірімде Жамалов Қажымұқан, Низан Ильясов, Гүлнәзия Түгелбаева, Айнакүл Ершина, Бақыткүл Абыканова, Тілеулес Шилібаева апай сынды үлкен ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. «Кванттық физика, оптика, молекулалық физика» – жалпы осы саланың қыр-сырын үйреткен факультет деканы әрі жетекшім Ақылбеков Абдраш және Абыканова Бақыткүлдей ұстаздарым менің ғылым жолына келуіме үлкен үлес қосты.
Анам қызының үлкен қалаға алғаш рет жалғыз келуін, қатты уайымдаған еді. Бірақ анам оқу корпусымыздың, кітапхана, тамақтанатын асханамыздың, тағы басқада студенттерге қажеттің бәрі бір біріне жақын орналасқанына қатты қуанды. Ешқандай туған-туыссыз, ата-анасыз үлкен қалаға жалғыз келгенімде бұл университет маған қорған бола білді. Осы шаңырақта көп мүмкіндіктер алдым. Кандидаттық диссертациямды табысты қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алдым.
Ғылыми жоба жазып, зерттеу жұмыстарымен айналысып, шетелдік басылымдарда мақаламды жазып, өзімді әр қырымнан аша білдім. Осылайша, қазіргі таңда сол алған білімімнің арқасында еліне пайдасын тигізер, ата-анасы мақтан тұтар білікті маман иесі болып жүрмін. Осының барлығы сол шаңырақтың, алтындай ұстаздарымның еңбегі. Бүгінде бұл шаңырақ республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған баламасыз бірден-бір жалғыз жоғары білім ордасы.
Қазақ аруларының шамшырағына айналған оқу орнынан білікті мамандар, оқытушылар, ғалымдар, ән-биімен үлкен сахналарды әуелетіп, спорттық жетістіктерімен әлемді таңғалдырған жастар қанат қағып шықты. 1944 жылы іргетасы қаланған шаңырағымызға биыл сексен жыл. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров бастаған еліміздің күллі зиялы қауымы, мемлекет қайраткерлері қызу қолдап, ақжолтай тілектерін білдіргені барша қазақ қыздарына берілген бата болар.
Самал Ботахановна НУГУМАНОВА,
Шейх-Халифа бен Зайд аль Нахаян атындағы
№84 мектеп-лицейінің директоры, бірінші
санатты көшбасшы басшы, педагогика
ғылымдарының кандидаты, 1997 жылғы түлек,
Астана қаласы