Қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл! Болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз…
Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында, 1950 жылғы сәуір айының сегізі күні дүниеге келдім. 1969 жылы Сарыбастау ауылындағы орта мектепті өте жақсы бітіріп, 1971 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының, физика-математика факультеті «Физика» мамандығына оқуға түстім. Осы оқу орнын 1975 жылы өте жақсы деген бағалармен бітіріп шықтым.
1975-1981 жылдары Алматы қаласының мектептерінде физика және математика пәндерінен сабақ бердім. Еңбек жолымды 1982 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Физика-математика және информатика» институтында оқытушы қызметінен бастадым. 1998 жылы оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (физика) саласында кандидаттық диссертациямды қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты, 2009 жылы кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесі (физика) саласында докторлық диссертациямды табысты қорғап, педагогика ғылымдарының докторы атағын иелендім. Бүгінде профессор атанып, жемісті қызмет атқарып келемін.
Бакалавриат, магистратура, докторантурада «Физиканың пәнаралық байланыстары», «Жоғары және орта мектептегі физикалық білімнің әдістемелік негіздері», «Қазіргі физиканың өзекті мәселелері», «Физика есептерін шығаруда іргелі ұғымдарды қалыптастыру әдістемесі», «Физика пәнін оқыту әдістемесі», «Физиканы оқыту әдіснамасы және қазіргі инновациялық технологиялар» және «Физикалық ұғымдарды қалыптастыруда пәнаралық байланыстарды жүзеге асырудың әдістемесі», «Қазіргі физикалық білімнің мазмұны» және тағы да басқа пәндерді оқытып келемін.
Ғылыми жұмыстарым «Жоғары оқу орнында және мектепте физиканы оқытудың әдістемесін жетілдіру» бағыты бойынша жүргізіліп, нәтижесінде үш жүз сексеннен астам жарияланған ғылыми еңбектердің авторы атандым. Оның ішінде, импакт-факторы бар журналдарда жарияланған мақалалар және 1 монография, үш оқулық, 7 оқу құралы, жиырма бес әдістемелік және электрондық оқу құралдарым бар. Ғылыми ізденіс пен оқытушылық қызметті және тәрбие беру мақсатымды бірге атқарып, жүзеге асырып келемін.
Білім беру мен ғылымға қосқан үлесім ескеріліп осы жоғары оқу орнының 80-жылдық мерекесінде «Үздік ұстаз» төсбелгісімен, «Өрлеу» республикалық білім-ғылым және технология институтының «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен, ҚР «Оңтүстік» Ұлттық гвардиясының ұсынысымен «Отан қорғаушының анасы» медалімен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университеттің 95 жылдық мерей тойына арналған төсбелгісімен марапатталдым.
Гульшахан Бершінбекқызы АЛИМБЕКОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетіндегі физика кафедрасының
профессоры, педагогика ғылымдарының
докторы, 1975 жылғы түлек