Қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл! Ұстаздардың ұлағатты ұясы
Қазыналы шаңырақ әр қызға болашақта әр шаңырақтың келіні, отбасының ұйытқысы, ұрпақ анасы, ұлттың келбеті деп қарайды. Сондықтан да бұл оқу ордасының алған жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Қазақ қыздарының шамшырағына айналған, осы бір институтта оқып, білім алғанымды мақтан етемін. Біз 1968-72 жылдарда оқыған физика-математика факультетінің түлектерміз. Институттың Гоголь көшесінің бойында орналасқан бас оқу ғимаратына, айналасындағы жатақханадан сағат 8-ге қарай ағылып жатқан білім алуға құштар, әдемі, ибалы, ауылдың қыздары, тура қырдың қызғалдағы сияқты еді. Желмен тербелген дала гүлдері сияқты қыздардың сыңғырлаған күлкісі, білім әлеміне асыққан жүрістері қалықтап ұшуға дайын аққулар сияқты керемет бір әдемілікті беруші еді.

Ал оқу ғимаратына, яғни білім әлеміне енгенде, екінші бір толқулар білімді болуға ынталандыратын себептер туындайтын. Оның бірі–біздің тұлға болып қалыптасуымызға ынта-жігер берген, ауылдан келіп осы білім ордасының түлегі, сол кездегі институттың ректоры Күләш Құнантайқызы Кұнантаева еді. Біз, институтта ең алдымен терең білім алдық, педагог болудың қыр-сырын үйрендік. Себебі бізге, яғни физика-математика факультетіне дәріс берген оқытушылардан өте терең білімді үйренуге, үлгі алуға толықтай тұлғалар еді. «Элементар математика» пәнінен дәріс берген – Бейсенова апайымыз, «Математикалық анализ» курсын оқыған Маташ Есмұханов, «Аналитикалық геометрияның» қыр- сырын түсіндіретін Амирбаев ағайларымыз сол кездегідей әлі көз алдымызда.
Отан соғысының ардагері, жарақаттанып құлағы естімей, бір жақ бет сүйегі қисайған М.Ө. Ысқақов ағайдың сабағын асыға күтетінбіз. Себебі аудиторияға кіріп сабағын бастағаннан-ақ бәрімізді бірден баурап алатын, қоңыраудың қалай соғылғанын байқамай қалатынбыз. Ал тобымыздың кураторы Совет Одағының батыры Қ. Сұрағанов ағайымыздың әрбір дәрісі, тәрбиесі біз үшін бір тарих еді. Қазақ халқының соғыс кезінде көрсеткен ерліктерін, батыр қыздар Мәншүк пен Әлия батыл істерін әңгімелеген кезде кеудемізді мақтаныш кернеуші еді.
Ғылыми зерттеулер жүргізу үшін аспирантурада оқитын аталмыш ұстаздардың шәкірттері С. Елубаев, С. Нұрпейісов, Майкотов ағайлар дәріс оқып, ғылыммен айналысуға болатын көптеген мүмкіншіліктердің бар екендігі жайлы ақыл кеңестерін беретін. Осындай ғұлама ғалымдар, ұлағатты ұстаздардан білім алған біздер бақытты едік. Қазақ мемлекеттік қыздар иститутын бітірген ұстаздар жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жеткен. Еліміздің білікті мамандары мен талантты ғалымдарының, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы шаңырақтың түлектері десем қателеспеймін. Қазіргі уақытта Қыздар ұлттық педагогикалық университеті республикамыздың білікті мамандар дайындайтын университеттердің бірі.
Сабыркуль Макашевна СЕИТОВА,
«І. Жансүгіров атындағы жетісу университеті
КЕАҚ», физика-математика кафедрасының
профессоры, педагогика ғылымдарының докторы,
1972 жылғы түлек