Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Ұлттық құндылықтар – тәрбие негізі
Қоғамның игілігіне қызмет атқаратын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Ал, ұлттың жаңа сипаты жаңа құндылықтар арқылы қалыптасатыны белгілі. Тәрбие мен оқыту – өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас үдеріс. Білім беру мекемелеріндегі тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады. Қазіргі мектептегі оқу-тәрбие жүйесінің құрамды бөлігі-сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары.
Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан-жақты дамыту негізгі орын алады. Оқушыны дамытуға оқыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері өзара бірлікте жүргізілгенде ғана қол жеткізуге болады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында өскелең ұрпақтың тәрбиесін күшейтуді, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтар аясында келешек ұрпақтың санасын әділдікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулуды тапсырған болатын.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 2023 жылы оқу-тәрбие процесіне енгізіліп, Мемлекет басшысының биылғы Ұлттық құрылтайда айтып өткен құндылықтарына сәйкес толықтырылды. Қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне дайын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» үштағанымен сабақтасты. Бұл әрбір азамат өзінің маңыздылығын, жауапкершілігін және ортақ іске қосқан үлесін сезінетін әділетті, дамыған және инновациялық қоғам құруға мүмкіндік береді. Аталған идеялар мен құндылықтар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізіне айналады.
Бағдарлама құндылыққа бағдарланған және құзыреттілік тәсілдері негізінде білім алушы тұлғасын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі мақсат пен міндеттерді айқындайды. Жаңа оқу жылынан бастап барлық жалпы білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Бағдарламаның ерекшелігі – биылдан бастап барлық пәнді оқытуда мұғалімге баланың бойына біліммен қатар ұлттық тәрбиені қоса беру міндеттеліп отыр. Қай бір білім мекемесі болмасын, жаңа оқу жылының алдында өткенін тағы бір сараптап алып, алдағы кезеңге жоспар жасайды.
Еліміздегі әрбір мемлекеттік мекемелер секілді біздің орталықта жаңа оқу жылы алдында өзінің 2023 – 2028 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын жасап, саралап, жаңа құжаттарға байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізуде. Осыған орай тәрбиелік әлеуеттің тиімділігін арттыру бағытындағы орталықтың басымдықтарын айқындап алды. Жаңа Қазақстанды құру құндылықтар бағдарын жаңартуды білдіреді. Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мызғымас сипатқа ие.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында патриотизм құндылықтарын дәріптеу жалпыұлттық басымдық ретінде белгіленген. Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағыт ретінде айқындалады. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – аумақтық тұтастық, мемлекеттік тіл және береке-бірлігіміз – қазақстандық қоғамның дау тудырмас құндылықтары болып қала береді. Осыған орай, қазіргі жастардың бойында ұлттық құндылықтар негізінде ұлттық сананы қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап барлық ұстаз оқушылардың бойына ұлттық мүддені сіңіре отырып білім беруді бастап кетті. Атап айтсақ, «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту шаралары күнделікті өткізілуде. Оған қоса, аптаның әр күні «Әдеп күніне», «Денсаулық күніне» «Ұлттық құндылықтар күніне» арналып отырады. Сондай-ақ, мекемедегі педагогтарға «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны, құндылықтар жүйесі, тәрбие үш тағанының идеологиясы, түйінді идеясы, іске асыру механизмдері мен әдіснамалық негіздері туралы жан-жақты ақпарат берілуде.
Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – білім беру мекемелері, ата-ана, қоғам, яғни баршамыздың парызымыз. Бірлескен жұмыстың нәтижесі болмақ. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысу қажет.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады. Бағдарлама аясында «Жеткіншектің жеті Жарғысы», «Еңбегі адал жас өрен», «Оқуға құштар әке-ана-бала-ұстаз» жобаларын іске асыру көзделген.
Бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жүзеге асырылады. Сондықтан да мақсат айқын. Ол жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатты іске асыру үшін алға қойған міндеттеріміз: ата-ананың өсиетін тыңдауға, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеуге; ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, татулық, келісім, ынтымақ және ел бірлігін сақтауға, отаншылдық пен мемлекетшілдікке.
Және жақсылыққа, игілікке бой түзеуге абыройлы болуға, ар-ұждан, намыс, жауапкершілік, мейірімділік, қамқорлық пен әділдік қасиеттерін жоғары ұстануға, ойдың тазалығын және эмоционалды тұрақтылыққа баулуға; табиғатқа, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарауға және табиғи ресурстарды үнемді әрі тиімді қолдануға және еңбекқорлыққа нақты іс-тәжірибе, үлгіні көрсете отырып, тәрбиелеу. Қазақта «тәрбие көрген-көргенді, тәрбие көрмеген -көргенсіз» деген сөздердің мағынасына үңілсек, әр бала, келешек ұрпақ тек көргенін қайталайтындығын түсінеміз. Бұл дегеніміз – әр ата-ана өз отбасында, мұғалім мектепте, қоғамда орта үлгіні көрсете отырып тәрбиелеу маңызды.
«Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиелеген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – дейді алаш қайраткері Мұстафа Шоқай. Сондықтан баланы ұлттық құндылықтарға баулудың маңызы зор. Демек, аталған проблемалар бала тәрбиесіндегі құндылықтардың әлсіздігін айқын көрсетіп отыр. Жоғарыда атап өткен сын-тегеуріндерді ескере отырып, тәрбиенің жаңа парадигмасын, «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие: біртұтас тәрбие жұмысының бағдармасын» әзірлеу кезек күттірмес мәселе екендігін ерекше атап кетуге болады.
Қорытындылай келе, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы електен өткізіп, ұрпағына мұра етіп қалдырған ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ар-ұят, ұлттық мүдде, талап бағыттарын жас буынның бойына сіңіру – білім беру мекемелері, ата-ана, қоғам, яғни баршамыздың парызымыз. Бірлескен жұмыстың ғана нәтижесі болмақ. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Айгүл Майкотқызы ҚАРСАҚОВА,
№2 орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы