Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры
«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», – Ахмет Байтұрсынұлы. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда.
Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Осы ретте мен қызмет ететін мектеп ұжымы біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс ұстанымымен жұмыс бастап кетті. Мұны, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек екенін ұстаздар қауымы мойындайды. Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.
Айта кететін мәселе, барлық тәрбие жұмысының мазмұнында біртұтас тәрбие бағдарламасында көрсетілген құндылықтар көрініс табуы қажеттілігін атап, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар тұла бойына шоғырланған жеке тұлға тәрбиелеу мақсатында тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері мен тиімділігін арттырудың жолдары бойынша ұжымға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні, жаһандану заманында ұрпақтың бойына қайырымдылықтың, ізгіліктің дәнін сепсек деп ойлаймыз. Ал, оның барлығы ұлттық тәрбиемізден бастау алады.
Еуропаның, Батыстың мәдениетін жоғары санап, соған басымдық беріп, ұлттық тамырынан ұзап бара жатқан ұрпақ өз арамызда өсіп келе жатыр. Соларға салт-дәстүр, таным-түсінігімізді барынша сауатты түсіндіріп, ортамызға қайта оралту міндеті алдымызда тұр. Ол үшін әуелден тән қасиет үлкенді қадірлеу, қонақжайлылық, қоршаған ортаға құрметпен қарау, туысқандық тығыз байланыс орнату, балажандылық, еңбексүйгіштік, жан-жануарларға жанашырлық таныту тағы да басқалары – біздің тұрмыс-салтымызбен тығыз байланысты дүниелерді ұрпақ санасына енгізуіміз керек.
Осы мақсатта біз көпұлтты, екі тілді мектеп болғандықтан әр аптаның сейсенбі күнін «Ұлттық киім күні» жобасын енгізуден бастадық. Болашақ ұрпақ ұлттық киімнің қадір қасиетін біліп, заман талабына сәйкес лайықтап киіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Осы біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында тағы бір мектебімізде жүргізіліп отырған жұмыс оқушыларға экологиялық тәрбие беру. Экологиялық тәрбие – табиғат туралы білімнен және табиғатты ең жоғары ұлттық және жалпы адамзаттық құндылық деп бағалай отырып,баланы жігерлі, іскер етіп өсіру үшін, жас кезінен еңбекке, талаптылыққа,ептілікке баулу мақсатында беріледі.
Осы мақсатта мектеп айналасына «Раушан гүлдер бағын» жасап, өсіру жобасын да қолға алдық. Мектеп оқушылары ата-аналарымен, ұстаздарымен бірлесе отырып тимбилдинг ұйымдастырып, өте әдемі раушан гүлдер бағын жасады. Көктем айында раушан гүлдерін егіп, өсіріп, жаздай күтіп, баптап, күзде мектепке келгенде гүлдері жайқалып әдемі эстетикадан өздері ләззат алды. Міне, осындай жобаларды қолға алу арқылы мектеп оқушылары құндылықтарды бойына сіңіретінінің куәсі болып отырмыз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт –дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы.
Сауле Кенесбековна КУСАИНОВА,
№ 1 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары Алматы облысы, Алатау
қаласы, Қоянқұс ықшам ауданы,
Загрузка...