Сәтбаев университетінде MIT FabLab орталығы – прототип жасауға арналған экожүйе ашылды

Сәтбаев университетінің 90 жылдық мерейтойын салтанатты түрде мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында университетте жаңа жоғары технологиялық FabLab SU орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл жерде студенттер, ғалымдар мен тәжірибелі инженерлер заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, өздерінің идеяларын жүзеге асыра алады.

Жаңа зертхана 3D принтерлермен, сандық бағдарламалық қамтамасыз ету станоктарымен, сондай-ақ жобалау мен модель жасауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Ол Массачусетс технологиялық институтының стандарттарына негізделіп жасалған жаһандық FabLab зертханалар қауымдастығының бір бөлігі, бұл қауымдастық дүние жүзі бойынша 2 мыңнан астам инновациялық орталықтарды біріктіреді.

Зертхананың ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, өз сөзінде қазақстандық университеттерді тек мемлекет қаржысына ғана емес, сондай-ақ бизнес есебінен де қолдау көрсетілетіндей етіп түрлендіру қажет екенін атап өтті.

– Қазақстанда қаржыландырудың 80 пайыздан астамы мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Бұл біздің министрліктің бюджеті, біздің гранттық бағдарламалар, мақсаттық бағдарламалар. Мысалы, АҚШ-та 70 пайыздан астамы жекеменшік корпорациялар есебінен қаржыландырылады. Егер де бұрын жабық ғылыми-зерттеу институттарына көбірек көңіл бөлінген болса, ал қазір әлемдік тәжірибеге сәйкес университеттер ғылыми ой-пікірдің орталығына айналып отыр, – деді министр.

Бұл көрнекті ұйымға кіру туралы келісімге Сәтбаев университеті делегациясы MIT университетіне жасаған сапары барысында қол қойған болатын, онда университет ректоры Мейрам Бегентаев пен Fab Foundation ұйымының негізін қалаушы және оның жетекшісі Шерри Ласситер өзара студенттермен және оқытушылармен алмасу, технологиялар трансферті және бірлескен ғылыми жобалар жасау туралы келісті.

– Студенттердің әзірлеген жобаларымен қатар біз олардың микроквалификацияларды меңгеріп шығуына да үлкен көңіл бөлеміз, – дейді MIT FabLab зертханасының басшысы Руслан Мұқанов. – Бұл цифрлық жобалаушы-инженердің, реверс-инженердің және сандық бағдарламалық қамтамасыз ету станоктары операторының кәсіби біліктілігін қамтамасыз етеді. Бізде оқу-жаттығуға арналған барлық құрал-жабдықтар бар.

Fab Labs зертханалары көбіне жобалау және практикалық STEM-білім беру платформасы ретінде жиі пайдаланылады. Желі бүкіл әлем бойынша инженерлер мен өнертапқыштар арасында өзара білім алмасуды қолдау арқылы инклюзивті дамуға белсенді түрде ықпал етеді. Студенттер өздерін қызықтыратын объектілерді құру, идеядан бастап, оны іске асыруға дейінгі бүкіл өндірістік циклды өткеру және содан практикалық терең білім алу арқылы оқып үйренеді.

Сәтбаев университетінде зертхананың ашылуына Қазақстанда бірегей техникалық кеңістік құрған Lenovo, KazTechInnovations және Best Vision Technologies секілді көптеген жетекші компаниялар атсалысты. Зертханаға Қазақстандағы ең ірі 3D-принтері, үшөлшемді сканер жасауға арналған жабдық, прототип жасауға арналған толық технологиялық желі және DMG MORI компаниясының бірегей өңдеу орталығы орнатылған. Осының барлығы зертхананы тек оқу мақсатында ғана емес, нақты өндірістік тапсырмалар мен коммерциялық жобаларды іске асыру үшін де пайдалануға септігін тигізе отырып, оның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ал жаһандық қауымдастықпен араласу бүкіл әлеммен инновациялық идеялармен алмасуға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, Сәтбаев университетінің FabLab зертханасы барлық келушілерге әрдайым ашық, ол Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бүкіл дарынды жас инженерлерге кеңістік пен мүмкіндіктер беруге үнемі дайын. Қазірдің өзінде FabLab алаңында оқушыларды оқытуға мүдделі екенін білдірген Алматы мектептерімен келісімдер жасалды.

Ал Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде MIT-пен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынас университетке «зерттеу жүргізе отырып оқыту» қағидатын толықтай жүзеге асыруға көмектесетінін және тұрақты болашақ құру үшін зерттеушілер мен өнертапқыштардың күш-жігерін біріктіре отырып, студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий