WorldSkills Kazakhstan-2024: Ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды
Бүгін елордада ұйымдастырылған WorldSkills Kazakhstan-2024 жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионаты қорытындыланды. Оған өңірлік кезеңдерден өткен бес жүз елуден астам колледж студенттері қатысты. Үш күн бойы олар 30 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Жұмыс алаңдарында қатысушылардың кәсіби дағдыларын бес жүз елу сегіз сарапшы бағалады.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев IX республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл іс-шараның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін аса маңыздылығын атап өтті. WorldSkills қозғалысы болашақ мамандардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
– Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы бүкіл ел үшін техникалық және кәсіптік білім берудің ерекше маңыздылығын дәлелдейді. Бүгінгі таңда жүйенің алдында экономикаға жаңа технологияларды енгізу, білікті кадрларға сұранысты арттыру және мамандарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша жаңа сын-қатерлер мен өршіл міндеттер тұр. Біз әрбір жас маманды еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы біліммен және дағдылармен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деді сала жетекшісі.

Чемпионат қорытындысы бойынша 30 негізгі құзыреттілік бойынша 108 жеңімпаз анықталды. Олардың арасында электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, шанақты жөндеу, аспаздық және ресторан ісі, IT шешімдері, WEB-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу секілді құзыреттіліктер болды. Жеңімпаздар 32 алтын мен отыз жеті күміс және 39 қола медаль иеленді. Бір жүз елу бес қатысушы «Үздік медальонға» ие болды. Командалық есепте Астана қаласының құрама командасы көш бастады, екінші орынды – Абай облысы және үшінші орынды – Алматы қаласы иеленді.
Айта кетейік, жеңімпаздар еліміздің жетекші компанияларынан жұмысқа шақырулар алуда, сондай-ақ олар келесі жылғы қыркүйек айының 9-13 күндері аралығында Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды. Қазақстанның 772 колледжінде бес жүз алпыс бес мыңнан астам студент білім алады. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту тоқсан пайызды құраса, оның жетпіс пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігіндегі баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы чемпионатты басталған күнінен бері 12 мыңнан астам адам тамашалаған. Жаһандық WorldSkills қозғалысының алаңы кәсіби құзыреттіліктер мен дағдыларды жетілдіру бойынша 89 елді біріктіреді. Қазақстан 2014 жылдан бастап WorldSkills International халықаралық қозғалысының толыққанды мүшесі болып табылады, ал 2016 жылдан бастап WorldSkills Europe ұйымының мүшесі. Биылғы жылы ұлттық құрама WorldSkills Lyon әлем чемпионатында алты үздік медальон және 69 елдің арасынан «Ұлт үздігі» аталымын иеленді.

Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...