Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Ұрпақты ұлағаттылыққа жетелейтін тағылымды тәлім негізі
«Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайту маңызды. Мектептердегі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы осы мақсаттарға жетудің тиімді құралдарының біріне айналады», – деген Ғани БЕЙСЕМБАЕВ.
Жас ұрпақтың жаңаша ойлауын, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы болып қадалатын қоғам мүшелерін, яғни, жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, зерделі, дарындылық іс-әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз.
Рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты нысана – баланы құрметтеу, оның рух иесі, бойында жаратқанның ұлы қуаты бар – тіршілік иесі екенін және дүние, әлемнің біртұтастығын саналы түсініп, оған бой ұсынса, оның болашағы биік болары даусыз. Балаға қоғамда ұлттық тәрбие беру керек. Олай дейтініміз – ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал саналады. Сондықтан да болар, бабаларымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, – сонда ғана оның болашағы биік болады», – деген.
Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан, қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» ұранымен білім беру саласына қатысты, бірқатар ұрпақ тәрбиесіне қатысты негізгі міндеттерге тоқталған болатын.
Биылғы жылы мектебіміздің тәрбие жұмысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылып, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бағдарламада қамтылған «Еңбегі адал жас өрен» жобасы бойынша өткізілген «Күзгі асар» іс-шарасы мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш буын білім алушылардың күзгі өнім мен күзгі табиғаттың көркем сыйларын пайдалана отырып, ата-аналарымен бірге жасаған бұйымдарынан ұйымдастырылған жәрмеңке оқушыларды ерте жастан еңбекке баулуға жетелейді.
«Шабыт» жобасы аясында, Мұғалімдер күні қарсаңында, алғыс білдіру түрінде ұйымдастырылған «Даналық – ұстаздан» челленджі оқушылардың шынайы жүрекжарды құттықтауы мен алғысын білдіруге ықпал етті. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы құндылықтар негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерін, білім алушылардың бойына адами қасиеттерді пәндік мазмұн, сынып сағаттары мен сыныптан тыс әлеуметтік жобалар арқылы қалыптастырып, ертеңгі ұрпақты жан-жақты, үйлесімді дамыған тұлға етіп тәрбиелеудің тәлімді жолдарын қарастырады.
Жұлдыз СЕЙТОВА,
№42 «Ақниет» гимназиясы директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
БҚО, Орал қаласы