Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Біртұтас тәрбие – сапалы білімнің тұғыры

Жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті мәселе болып қала береді. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы болып табылғандықтан, ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерді. Еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттады.

Демек, қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне дайын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» үштағанымен сабақтасады. Бұл әрбір азамат өзінің маңыздылығын, жауапкершілігін және ортақ іске қосқан үлесін сезінетін әділетті, дамыған және инновациялық қоғам құруға мүмкіндік береді. Бұл идеялар мен құндылықтар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізіне айналады. Бағдарлама құндылыққа бағдарланған және құзыреттілік тәсілдері негізінде білім алушы тұлғасын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі мақсат пен міндеттерді айқындайды.

Мемлекет басшысы озық дамыған мемлекет құру – жас ұрпаққа тікелей байланысты екендігіне тоқталып, оларды тәрбиелеуге ерекше назар аудару міндетін қойды. Бағдарламаның мақсаты: қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында біздің арнаулы оқу орнының педагогтеріне «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: Жаңартылған мазмұны және енгізу алгоритмі» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды.

Басқосу барысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны, құндылықтар жүйесі, тәрбие үштағанының идеологиясы, түйінді идеясы, іске асыру механизмдері мен әдіснамалық негіздері туралы ақпарат берілді. Жылдық жоспарға сәйкес, колледж студенттері мен оқытушылары «Білім күні. Бейбітшілік күні!» тақырыбында салтанатты жиын мен «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбындағы кураторлық сағаттарға қатысты. Оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар ҚР Мемлекеттік әнұранын орындау тәртіпке енгізілген.

«Қауіпсіздік сабағы» – жедел жәрдем нөмірлері және сенім телефондары жайында он минуттық ақпарат беріліп, аптаның дәйексөздері ақпараттық стендтерде, LED-экрандарда жүріп отырады. Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуі тиіс үш маңызды бағыт ретінде айқындалады. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Әділетті Қазақстан, Адал азамат, Озық ойлы ұлт – қазақстандық қоғамның дау тудырмас құндылықтары болып қала береді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру барысында ұйымшыл ұжым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, мақсат-міндетті айқындап, ел келешегі, ұлт болашағын тәрбиелеуде кәсіби дайындықпен, саналы тәрбие, сапалы білім беруге жоспар құра отырып, нық қадам басуда.

Әрбір іс-шара студенттердің тұлғалық қасиеттерін, олардың адамгершілік құндылықтарын, патриоттық сезімін, сондай-ақ азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін тәрбиелеуге, дамытуға баса назар аударылуына бағытталған. Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсінуіміз және түсіндіруіміз қажет. Абай Құнанбайұлы айтқандай, «толық адам» келбетіне жету – түпкі нәтижені меңзейді. Тәрбие – бұл көпжақты, үздіксіз, қоғамдық құбылыс. Сондықтан, болашақ ұрпақ тәрбиесіне біртұтас ел болып атсалысу – басты парызымыз!

Рауна ШАМЕКЕНОВА,
Теміртау жоғары политехникалық
колледжі 
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары, Қарағанды облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий