“Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы – Шығармашыл оқушылар арасындағы XI республикалық “Ақберен” өнер байқауы: 66 оқушы жеңімпаз атанды

13-15 қараша күндері Астана қаласындағы №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінде шығармашыл оқушылар арасындағы XI республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті. Қазақстанның әр өңірінен 123 оқушы қатысқан бұл байқау жас дарындардың өнері мен білімін паш ететін ерекше алаң болды. Байқау қорытындысы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ең үздік алты қатысушы Бас жүлде номинациясымен, 12 жеңімпаз І дәрежелі, 18 жүлдегер II дәрежелі және 30 қатысушы III дәрежелі дипломдарымен марапатталды.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай қатысушыларды құттықтап, жас ұрпақтың ұлттық мәдениетті дамытудағы рөліне зор сенім білдірді: «Талаптың тұлпарын мінген, таланттың тұғырына қонған, білімнің шырағын жаққан сіздердей жалындаған жастарымызбен бірге болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда», – деді Аманжол Әлтай.

Жас өнерпаздар алты номинация бойынша бақ сынады: «Шешендік, білгірлік сайысы» – қазақ тарихы, мәдениеті фольклоры туралы сұрақтарға жауап беру, шешендік өнер тарихын білу, шешен сөйлеу; «Көркем сөз оқу» – поэзия, проза, драмалық шығармалардан үзінді; «Эссе жазу»; «Ұлттық аспапта өнер көрсету» – домбыра, қобыз, жетіген және тағы да басқалар; «Ақындар айтысы»; «Ақындар мүшәйрасы». Өнер байқауына қазылық еткен құрамға еліміздің белгілі ақындары, ғалымдары, өнер қайраткерлері мен журналистері еніп, олардың жоғары кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесі байқаудың әділ әрі сапалы өтуіне кепілдік берді. Қазылар алқасына төрағалық етті.

Салтанатты жабылу рәсімінде қазылар алқасының төрағасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ақын Жанат Аймұхамбет жас таланттарға шығармашылық табыс тіледі. «Абайдың: «Адам баласы ақыл, білім, ар, мінезбен озады», – деген сөзі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бүгін осында жиналған талапты оқушылардың өнері мен білімінің куәсі болдық. Қанаттарыңыз талмасын!», – деді Жанат Әскербекқызы.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тұрсынов Гаждембек Қуанышұлы облыстардың салыстырмалы көрсеткіш рейтингімен алға шыққан командаларды марапаттады.

– Мемлекетіміз жалынды да дарынды жастарды қолдап, өз жолдарын қалыптастыруда жан-жақты бағыт-бағдар көрсетеді. Соның бір көрсеткіші – «Ақберен» байқауы. Дүлдүлдер бәйгесінде оза шабу арқылы сіздер бойларыңызға ерекше құндылық дарыттыңыздар! Сондықтан да, бұл байқауға келген әрбір қатысушы – жеңімпаз! Жүзден жүйріктер жиналған додада барлықтарыңызды байқаудың сәтті аяқталуымен құттықтаймын, – деп, орталық басшысы қатысушыларға ыстық ықыласын жеткізді.

«Ең үздік команда» дипломдарымен Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары мен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты командалары (І дәрежелі диплом), Павлодар облысы мен Астана қаласы командалары (ІІ дәрежелі диплом), Абай, Алматы және Жамбыл облыстары (ІІІ дәрежелі диплом) командалары марапатталды.

Анықтама үшін: XI республикалық «Ақберен» өнер байқауы – өнерлі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық мәдениет пен өнерге баулу мақсатындағы бірегей жоба. Байқау идеясының авторлары – белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, айтыскер ақын Аманжол Әлтай.

Байқау үш кезеңде – аудандық, облыстық және республикалық деңгейде өткізіліп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты оқушыларды қолдау және дамытуға айрықша үлес қосып келеді. XI «Ақберен» байқауы – ұлттық өнер мен мәдениеттің өркендеуіне үлес қосқан маңызды оқиға ретінде есте қалды.

Ерқұлан НҰРТАЗАНОВ,
«Дарын» РҒПО бөлім басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий