Кафедра үшін тарихи сәт!
“Цифрландыру арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз”, – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ айтып өткендей, қазіргі білім мен ғылым жүйесі цифрландыру дәуірінің ықпалымен түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы білім беру процесін жақсарту, оны қолжетімді және тиімді ету басты мақсатқа айналды. Цифрландыру білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашып, оқыту әдістемелерін жетілдіруге, оқу ресурстарын цифрлық форматқа көшіруге, және әрбір оқушының білім алу траекториясын дербес басқаруға мүмкіндік беруде.
Көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын технология жаңарып даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ. Цифрландыру саясаты бойынша өз үлестерін қосып, болашақта еңбек нарығында бәсекелес бола алатын мамандар даярлау барысында еңбек етіп келе жатқан, География және табиғатты пайдалану факультеті, картография және геоинформатика кафедрасын атап өтуге болады.
Кафедрада геоинформациялық картографиялау ғылыми-зерттеу лабораториясы, ГАЖ технологиялары және ЖАЗ орталығы бар, сонымен қатар кафедраның жас ғалымдарына арналған ГАЖ орталығы және ҚазҰУ-нің аймағында орналасқан оқу геодезиялық полигоны қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта кафедра картография, геодезия салаларындағы сандық және тақырыптық картографиядағы теориялық, қолданбалы мәселелер зерттеліп, өңделуде, сонымен қатар Қазақстан Республикасының халықшаруашылық саласындағы басқаруларда геоақпараттық жүйелерді пайдалану қарастырылуда.
Кафедраның ғылыми-техникалық және әдістемелік базасы қазіргі уақытта жоғарғы және білікті білім беру орындарында қызмет істейтіндерге, сонымен қатар геодезия, картография және геоинформатика саласында қызмет ететін өндіріс қызметкерлеріне арналған біліктілік деңгейін көтеру курстарын ашуға толықтай мүмкіншілігі бар. Цифрландыру – бұл ақпараттарды сандық формаға көшіру және олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз ету. Осыған сәйкес геоинформатика бағытын цифрландырудың бір бөлігі немесе бағыты деп толық айтуға болады.
Себебі, геоинформатика кеңістіктік деректерді жинау, өңдеу және талдаумен айналысады, бұл үшін географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ) қолданылады. Ол қалаларды жоспарлау, экология, көлік, ауыл шаруашылығы, қорғаныс, табиғи ресурстарды басқару сияқты салаларда қолданылады. Геоинформатика цифрлық карталар жасауға, қоршаған ортаның өзгерісін талдауға, табиғи ресурстарды басқаруға және кеңістіктік факторды ескере отырып процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Геоақпараттық технологияларды қолдану арқылы экожүйелердегі өзгерістерді қадағалауға, климаттық өзгерістердің әсерін болжауға және қалалық аумақтарды дамытуға болады. Сондай-ақ спутниктік суреттер, дрондар, далалық зерттеулер деректері және статистикалық деректер сияқты әртүрлі көздерден алынған деректерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл интеграция толық көрініс жасауға және неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Геоинформатиканы қолдану кеңейіп келеді, ол қоршаған ортаны мониторингтеу, табиғи және техногендік қауіп-қатерлерге осалдықты талдау, сондай-ақ инфрақұрылымды басқару сияқты міндеттерді қамтиды.
«Жақсының жақысылығын айт, мейірі тасысын» дегендей, осы мамандықтың ашылуына үлес қосып, мамандықтың координаторы болған Какимжанов Еркін Хамитұлы болатын. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» құрметті медалімен және (2024 ж.), ҚР БҒМ «ЖОО-ның үздік оқытушысы 2023» дипломы (2021 ж.) марапатталған, PhD, доценттің міндетін атқарушы мықты маман. Қазіргі таңда үздіксіз білімге ұмтылысының нәтижесінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы ғылыми тағылымдамадан АҚШ-тың Канзас университеті (University of Kansas) өтуде.
Еркін Хамитұлы мұхит асып шетелде білім алып жүрседе, өзінің жетекшілігіндегі докторанттарыменде тығыз байланыста жүріп, кеше ғана алғашқы докторанты «8D07302 – Геоинформатика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған Қырғызбай Құдайберген Талғатұлының «Суармалы егіншілік алқаптарын аудандастыруда ЖАЗ әдістерін құрастыру (machine learning есептеу әдістері негізінде)» тақырыбындағы диссертациясы қорғалуына барынша атсалысты.
Бұл кафедрамыз үшін үлкен мәртебе және тарихи сәт. Себебі, геоинформатика саласындағы алғашқы докторант. Цифрландыру бойынша қазақ ғылымның дамуына үлес қосып жатқан жас ғалым ретінде біздің Құдайберген Талғатұлына айтар алғысымыз шексіз. Оның ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің, білімі мен табандылығының нәтижесі құтты болсын дейміз. Оның ғылыми зерттеулері үлкен маңызға ие және ғылымға қосқан үлесі сөзсіз маңызды. «Ұстазы жақсының –ұстанымы жақсы», дегендей өзінің жетекшісі Еркін Хамитұлы сияқты болашақта жас мамандарды ғылымға бағыттап, жол көрсетер мықты маман болсын.
Жалпы, бұл еңбек тек ғылым жолындағы жетістік емес, сонымен бірге болашақ жас ғалымдарға үлгі болып табылады. Алдағы уақытта да осындай табыстарға қол жеткізіп, жаңа ғылыми белестерді бағындыруды, жаңа идеялар мен бастамаларда табысқа жетуді тілейміз. Ғылыми мансабыңыз одан әрі де сәтті болып, жаңа жетістіктермен толықсын.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті, география және картография
факультеті, картография және геоинформатика
кафедрасының ұжымы