Ақтөбе облысы: Биылғы жылдың үздік дене шынықтыру педагогі
«Үздік дене шынықтыру педагогі – 2024» республикалық байқауында Мәртөк ауданы №4 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Тимур Жиенбаев бас жүлдені иеленді. Бұл байқау еліміздің үздік педагогтерінің тәжірибе алмасуы мен кәсіби біліктілігін көрсету алаңы болды, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында кезекті мәрте ұйымдастырылған бұл дәстүрлі байқауға биыл аудандық, облыстық деңгейде іріктеуден сүрінбей өткен он тоғыз үміткер қатысып, үш кезең (креативті педагог; қазіргі заманғы дене шынықтыру сабағы; үздік спорттық-бұқаралық іс-шара) бойынша бақ сынаған болатын. Байқаудың мақсаты – дене шынықтыру педагогтерінің шығармашылық бастамасын қолдау, кәсіби өсуге жәрдемдесу, осы мамандық бойынша педагогтердің еңбегінің беделін арттыруға бағытталған.
Загрузка...Жерлесіміз байқау барысында педагогикалық шеберлігі мен жаңашыл әдістерін танытып, бәсекелестерінен озық шықты. Оның кәсібилігі мен шығармашылық көзқарасы әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ұсынған ресми мәліметке жүгінсек биылғы байқаудың жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрап, арнайы аталым иегерлеріне 100 мың теңгелік ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.