Педагогтердің кәсіби құзіреттілігі: “Мерейлі ұстаз” инновациялық жобасы жұмыс істейді
Абай облысында педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Мерейлі ұстаз» инновациялық жобасы екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Абай облысы білім басқармасы бастамашылық еткен бұл жоба мұғалімдерге жаңа білім беру әдістерін игеруге, педагогикалық қызметтерінде заманауи технологияларды қолдануға және кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Жоба аясында мұғалімдердің білімі мен дағдыларын дамытуға арналған бірқатар маңызды бағыттар қарастырылып, көптеген іс-шаралар өткізілді. Басты мақсаты — мұғалімдердің теориялық білімдерін жаңартып, кәсіби шеберліктерін шыңдау, сондай-ақ эмоционалды интеллекттерін дамыту арқылы олардың оқыту сапасын арттыру. Осы бағытта түрлі семинарлар, шебер сыныптар мен форумдар ұйымдастырылып, педагогтерге өз тәжірибелерін бөлісу, жаңа әдістермен танысу және білімдерін толықтыру мүмкіндігі жасалды.
Алғаш ұйымдастырылған «Абайдың «Толық адам» ілімі негізіндегі «Мерейлі ұстаз» бейнесі» форумында педагогтер педагогикалық үдерістерді тиімді ұйымдастыру тәсілдерімен танысып, тәжірибе алмасты. Жобаның бір ерекше бағыты — мұғалімдердің эмоционалды интеллектін дамыту. Бұл бағыт мұғалімдердің эмоционалды мәдениетін қалыптастыруға, оқушылармен қарым-қатынастарын нығайтуға және педагогикалық қызметтегі нәтижелілікті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ «Шеберден олжа» бағыты педагогтердің кәсіби дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағыт мұғалімдерге сабақ беру әдістерін жетілдіріп, оқушыларға тиімді әрі қызықты сабақтар өткізу үшін қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
«Ғалымнан ілім» бағыты аясында аймақтағы жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары педагогтерге арнайы дәрістер мен практикалық сабақтар өткізуде. Бұл шаралар «Семей медицина университеті», Шәкәрім атындағы университет және Әлихан Бөкейхан университетінің профессорларының қатысуымен ұйымдастырылып, педагогтерге жаңа ғылыми-зерттеу әдіс-тәсілдері мен білім беру саласындағы соңғы жаңалықтар туралы ақпарат береді. Жоба аясында жыл сайын өтетін «Мерейлі ұстаз» байқауы педагогтердің кәсіби біліктіліктерін бағалап, үздіктерді ынталандыруға мүмкіндік береді.
Бұл байқау мұғалімдердің шығармашылығын көрсетуге, кәсіби дамуындағы жетістіктерін айқындауға арналған маңызды алаң болды. Қазіргі таңда облыс бойынша он екі мыңнан астам педагог қызмет етуде, олардың алпыс бір пайызы екі жыл ішінде «Мерейлі ұстаз» жобасының іс-шараларына қатысып, өз білімдерін жетілдірді. Жобаның нәтижесінде облыс педагогтерінің кәсіби құзіреттіліктері айтарлықтай артты. Осылайша, «Мерейлі ұстаз» инновациялық жобасы педагогтердің білім сапасын жақсартып, олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызуда маңызды рөл атқаруда.
Гаухар ТӨЛЕУБАЕВА,
Инновациялық-әдістемелік орталықтағы
инновациялық білім беру бөлімінің басшысы,
Абай облысы, Семей қаласы