2024 жылы қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық даму стратегиясының негізінде азаматтардың мүддесі болуы қажет екені атап өтілді. 2024 жылы Үкімет бұл бағытты маңызды әлеуметтік бастамалармен жүзеге асыруды жалғастырды.

Primeminister.kz сайтының редакциясы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің ұзақмерзімді әлеуметтік-эконмикалық мақсаттарын іске асыруға бағытталған биылғы жылдың маңызды бастамалары мен жетістіктері туралы шолулар сериясын жариялайды. Биыл еліміз бойынша әлеуметтік сала қарқынды дамуын жалғастырды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында білім, денсаулық сақтау салаларының сапасын арттырып, азаматтарды әлеуметтік қорғауды нығайту қажеттілігін атап өтті. Осы міндеттердің шеңберінде реформалар жасалып, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. 2024 жылы мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамы (52,8%) әлеуметтік салаға бағытталды.
Мемлекеттік инвестициялар тиімділігін арттыру және сапалы жоспарлау үшін Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді. Бұл жүйе кадрларға қажеттілікті болжап, талдау жасайды, сондай-ақ жобаларды үйлестіруге, сапасын бақылауға және тиімділігіне мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Платформа арқылы жалпы құны 33 триллион теңге болатын жеті жүз елу бес инвестициялық жоба қадағаланып отыр. Бұл жобалар аясында 150 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар навигатор қажетті еңбек ресурстары жоқ адал емес жеткізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Ұлттық қор – балаларға»: тұрғын үй және білім алуға арналған төлемдер. 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің елу пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады және оны мерзімінен бұрын шешуге болмайды. Биылғы ақпан айының 1-інен бастап төлемдер басталды, олар Қазақстан азаматтығы бар 18 жасқа дейінгі барлық балаға арналған. Осы уақытқа дейін бағдарлама қатысушыларының шоттарына $695,5 миллион төленді. $30,6 миллион 18 жасқа толған немесе толатын балаларға төленеді. Қазірдің өзінде уәкілетті операторлар арқылы $3,4 миллион сомасына 33,5 мыңнан астам өтінімнің қаражаты банктік шоттарға аударылды. Оның ішінде $1,8 миллион сомасына 18 мыңға жуық өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, $1,6 миллион сомасына 15,5 мың өтінім білім алу үшін төленді.
Білім беру және мектепке дейінгі тәрбие. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда, оның мақсаты бүкіл еліміз бойынша заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді білім беру мекемелерін ашу. Жоба мектеп оқушыларын оқыту үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтауға және уақыт талаптарына жауап беретін инфрақұрылым дайындап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жобаны іске асыру шеңберінде жаңа мектептердің 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде салынды. Онда оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография және спорт залдары, демалыс аймағы мен нетворкинг бар.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдайлар қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар мен компьютерлер орнатылған. Барлығы 36 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның он бесі ауылдық елді мекендерде салынды. Осы желтоқсан айының 31-іне дейін тағы жетпіс алты нысан есігін айқара ашады. Білім беру саласында биыл балалардың мектепке дейінгі білімге қол жеткізуін жақсарту бойынша жұмыстар да жалғасын тапты. Бүгінгі таңда Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда тоғыз жүз сексен сегіз мыңнан аса бала тәрбиеленуде, мектептерде мектепалды даярлықпен 160 мың бала қамтылды. Балаларды қамту 92,5 пайызға жетті, 62,3 мың орындық бес жүз қырық жеті жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 4,2 мыңнан астам консультация пункті жұмыс істейді.
Білім беруді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді, мысалы, ата-аналарға бала күтімі бойынша консультациялық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың жеке картасы цифрлық форматқа аударылды. Ол Ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілген, бұл ақпаратты мектептерге жіберуге мүмкіндік береді әрі мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз ауысуды қамтамасыз етеді. Бұл жаңалық бастауыш сынып мұғалімдері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі дамытудың маңызды құралына айналды.
«Қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидатын іске асыру мақсатында білім беру қызметтерін алушылар бойынша дербестендірілген білім беру қызметін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастырудың жаңа тетігі әзірленді, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында сынақтан өткізілді. Пилоттық жобаның мақсаты мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру процесіне мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету болып саналады.
Студенттердің шәкіртақысын өсіру. Қазақстанда инновациялық экономика құру және білім деңгейін арттыру мақсатында студенттер, ғалымдар үшін жағдайды жақсарту, ғылыми зерттеулерді дамыту үшін маңызды қадамдар жасалды. Осы шаралардың барлығы елімізді ғылыми-техникалық прогресс көшбасшыларының қатарына қосуға мүмкіндік береді. Білім беру жүйесіндегі ең маңызды қадамдардың бірі студенттерге арналған шәкіртақыны көбейту болды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында соңғы төрт жылдан бері елімізде шәкіртақыларды арттыру бойынша дәйекті жұмыстар жүргізілуде.
Келесі жылға қарай олар жоғары оқу орындарындағы студенттер үшін екі есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе көбейеді деп жоспарлануда. Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы жиырма пайызға, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін жетпіс бес мың алты жүз теңгеге дейін ұлғайтылды. Интерндердің стипендиясы енді 85 376 теңгені, ал резиденттердің стипендиясы — бір жүз жиырма үш мың бір жиырма екі теңгені құрайды. Магистранттардың стипендиялары он бес пайызға, 107 061 теңгеге дейін, ал докторанттар үшін – екі жүз қырық мың теңгеге дейін көбейді.
Жоғары білім беруді жаңғырту және халықаралық серіктестіктер. Қазақстанда жоғары білім беруді дамыту және жаңғырту, оның ішінде шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік орнату арқылы да жалғасуда. 2021 жылы жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы қабылданды, ол 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде он екі филиалын ашуды көздейді. Осы тұжырымдама аясында 12 елдің, соның ішінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның университеттерімен жиырма үш стратегиялық серіктестік пысықталды.
Биылғы қазан айында стратегиялық серіктестер – 67 шетелдік университеттің бір жүз жиырма өкілі қатысқан форум өтті. Жаңа оқу және ғылыми әріптестік құру Қазақстанға жаһандық білім беру кеңістігіне кірігуге көмектеседі әрі студенттердің ең заманауи білім беруге және ғылыми әдістемелерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Отандық ғалымдар мен ғылыми жобаларды қолдау. Гранттық бағдарламалар мен докторантурадан кейінгі зерттеулер арқылы отандық ғалымдарды қолдау және дамыту да маңызды бағыт саналады. Осындай бастамалардың жарқын мысалдарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» жобасы. 2021 жылдан 2024 жылға дейін гранттық қаржыландыруға он алты байқау конкурс өткізілді.
Нәтижесінде жас ғалымдар екі мыңнан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде 686 жоба инженерлік білім мен технологияларды академиялық зерделеуді дамытуға бағытталған докторантурадан кейінгі бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жаңа конкурс жарияланды, бұл еліміздің ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инновацияларды дамыту. Сондай-ақ маңызды күш-жігер ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыруға бағытталған, бұл инновациялық экономиканы құрудың маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша бес байқауды іске асыру шеңберінде ғылымды қажетсінетін өнімді сатудан түскен кірістерді, қоса қаржыландыру мен салықтық түсімдерді қосқанда, 97 миллиард теңгеден астам қаражат алынды. Бұл ретте ғылыми зерттеу өнімінің экспорты 571 миллион теңгені құрады.
Осы жетістіктер негізінде венчурлік қаржыландыруды одан әрі дамыту, технологиялық стартаптарды қолдау үшін қорлар Қорын құру және ғылыми-акселерациялық бағдарламаларды дамыту жоспарлануда. Келер жылы стартаптар мен коммерцияландыру кеңселері үшін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламасы іске қосылады, бұл ғылым мен технология саласындағы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бірегей ғылыми өнімдер мен технологияларды дамыту. Отандық ғылымның маңызды жетістігі бірегей өнімдерді дамыту. Мысалы, тазартылған селен былтырға дейін елімізде өндірілмеген. Селен фармацевтика, жартылай өткізгіш өнеркәсібі және металлургия сияқты әртүрлі салаларда қолданылатын маңызды элемент саналады. «Қазақмыс Прогресс» ЖШС былтыр өндірістік қуаты арқылы селенді тазарту бойынша учаске пайдалануға берілді. Технология сапасы 99,5 пайыздан асатын жоғары тазалықтағы селен алуға мүмкіндік береді. Бұл аталған жоғары технологиялық салада Қазақстан үшін жаңа перспективалар ашады. Алдағы жылдары қуатын кеңейту және құрамында селені бар материалдарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін енгізу жоспарлануда.
Загрузка...Демек бұл елімізде кірістерді ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады. Сонымен қатар республикамызда онкологиялық аурулармен күресуге бағытталған жаңа дәрілік препараттар белсенді әзірленуде. Осындай жобалардың бірі – D-изоаскорбин қышқылы негізінде дәрі-дәрмек жасау. Ол KRAS мутациясы бар қатерлі ісіктерді емдеу үшін қолданылады. Nazarbayev University қолдаған жоба фармацевтика саласындағы маңызды қадам болды және Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуді айтарлықтай жақсарта алады. Биыл жоба одан әрі клиникалық зерттеулер мен емдеу әдістерін әзірлеу үшін 2,1 миллиард теңге сомасына мақұлданды.