Ашық әңгіме – Раиса Турлыбаева: Бастауыш білімнің жүрегі

Биылғы қыркүйек айының бірі күні жаңа оқу жылын бастаған бастауыш оқушысының сыныптан қашып, артынан мұғалімі қуып ұстағанын әлеуметтік желілердегі парақшалардан көбіміз көрдік. Бақырған бала білім алғысы келмейді…

Әрине, бастауыш сынып мұғалімі  өте күрделі мамандықтың бірі десек артық емес. Мектепке енді кірген сәбимен  тіл табысу оңай болмас. Бұл бала психологиясын терең білетін маман. Мектеп есігін енді ашқан балаға жазу, сызу, уақытын тиімді пайдалану, қоғамда өзін дұрыс ұстау, жауапкершілік, уәдеде тұру және тағы да басқа білімнен өзге өмірлік қағиданы бойына сіңіретін осы ұстазы.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Пресноредутская жалпы білім беру мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі  орынбасары, жалпақ жұрттың түрлі ой-пікіріне түрткі болған есте қаларлық қызық оқиғаның кейіпкері сол бастауыш сыныптың мұғалімі Турлыбаева Раисамен әңгімелескен едік.

Раиса Павловна, алдымен  өзіңіз туралы айтып берсеңіз? – Мен 13 жыл бастауыш сынып мұғалімі, 7 жыл директор орынбасары болып жұмыс істеп келемін. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде мен педагог-зерттеуші категориясына иемін, директор орынбасары ретінде келесі жылы жоспарлы аттестациядан өтемін, қазіргі уақытта үшінші біліктілік санатына ие болдым. 2017 жылы диссертация қорғап, магистр дәрежесін алғаным бар.

Тик-токта бастауыш сынып оқушысы мектептен қашып барады… Жалпы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеу оңай емес шығар? – Үшінші сынып мұғалімі декретке кеткен соң, сыныбын қабылдап алдым. Олар екі жыл бойы алғашқы апайларына үйреніп қалған. Алғашқы кезде олар маған өздерінің мұғалімі басқаша жасайтынын айтты. Бірақ баланың аты бала емес пе, егер сабаққа бар ынтамен дайындалып, қызықтырып, жеке ерекшеліктерін ескеріп, бәріне бірдей жақсы қарайтын болсақ онда ол өте жақсы. Мысалы, бәріміз бірлесіп мерекеге дайындалғанда, балалар мұғалімге тез үйренеді, әсіресе, олармен ашық және адал болу қажет. Балғын шәкірттер өтірік айтқанды сезіп қояды. Баланы мейірім шуағына бөлеп, жақсы жағын мақтап, көңіл бөлсе жаман оқушы болмайды. Жалпы айтқанда ізгілік көрмеген ұл-қызда қиын мінез-құлық қалыптасап, ең бастысы сабақ оқуға құлшынысы кемиді. Сондай-ақ бастауыш білімнің жүрегі айта кетейін.

Сіз мұғалім болуды таңдадыңыз, себебі… Бала кезімде достарыммен сүйікті ойыным  мұғалім ретінде бірі-бірімізге білетінімізді үйретіп, сұрақтарға жауап беру болатын. Көршілес тұратын қатарлас құрбыларымды бір қолайлы орынға жинаған соң үлкен дәптерімді алып, өзімді ұстаз сезінген балаң елеспен түрлі сабақ өткізетінмін. Жоғары сыныптарда мен үшін мұғалім білімді, тәрбиелі, әрқашан таза әрі әдемі киінген, құрметті адам болды. Мектептің тынымсыз тіршілігі үлкен өмірдің қайнаған ортасы болғандықтан өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру барысында күн сайын әртүрлі қызықты оқиғалар мен көңілді жағдайлар жиі қайталанып тұратындығы әрине қалыпты құбылыс.

Әрбір мамандық иесіне бірсарындылық ұнамайтынын білемін. Мен үшін де жақсы жаңалықтармен бір күнді екіншісінен даралап тұратын мәнді өзгерістердің маңызы зор. Бірақ әрине балалардың құқығына қайшы келетін немесе басқа да заңсыз әрекеттер кезікпеуі үшін және олардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін кез-келген қатердің алдын-алу шараларын жасауға барынша мүдделіміз. Бұл әрбір ұстаз үшін мемлекеттің тарапынан тапсырылған үлкен жауапкершілік және ата-аналардың арқалатқан зор сенімі. Сондықтан бізге ең бастысы мектепке оқу үшін келген барлық ұл-қыздардың амандығы маңызды.

Сіз өз оқушыларыңызды үш сөзбен қалай сипаттайсыз? – Қызығушылық танытатын, мейірімді және көңілді.

Сіз үшін мұғалім жұмысының ең маңызды және құндылығы неде? – Баланың жасырын қабілеті және талант немесе дарынын ашу. Кезінде алдыңғы аға буын өкілдерінің әріптестік ақыл-кеңесін тыңдап, жинаған мол тәжірибелерінен тағылым алғандықтан шығар жаңа заман жастарының бойынан әлі де ашылмаған мол әлеуеттің бай қоры барын байқаймын. Олармен шынайы шығармашылық жұмыстар жасаудың барысында қарымы мен қабілеттері басқа қырынан таныла бастағанда шәкірттерге қоса ата-аналары да таңқалады. «Бұрын қалай байқамадық?», – деген орынды сауалдарына нақты жауап іздей бастайды.

Сіз өзіңізді кәсіби тұрғыда қалай дамытасыз, қандай дағдыларды қосымша игергіңіз келеді? – Жақсы сұрақ екен. Бастауыш мектеп үшін оқу-әдістемелік құралдарын дайындау бағытындағы мүмкіндігімді сынап көргім келеді. Кітап жазу үшін баланың жанын жақсы біліп, терең түсінген дұрыс деген ойдамын. Осы орайда бастауыш сыныптың мұғалімі таңдаған мамандығына адал әрі ұдайы ізденуден жалықпайтын жігерлі жан болуы қажет. Себебі ол балғындарға күнделікті сабақ беріп, рухани тәрбие тағылымдарын дарыту барысында шәкірттерінің мінез-құлқына қоса зейіні мен зердесін жан-жақты сарапқа салып, қорытылған нәтижелерді тең дәрежеде таразылай алады.

Цифрлық технологиялар сіздің жұмысыңызға қалай көмектеседі? – Иә, олар уақытты үнемдейді, жаңа идеялар мен мүмкіндіктер ұсынады, баланың сабаққа қызығушылығын арттырады, тіпті оларды жаңа цифрлық ресурстармен таңқалдырады.

Жас мұғалім болу қиын ба? – Мен әртүрлі жас мұғалімдерді көрдім, тәлімгер болдым, және шын мәнінде, бәрі адамның өзіне байланысты. Егер ол өзінің жүрегіне жақын мамандығын дұрыс таңдаған болса, балаларды жақсы көрсе, оларға бір нәрсені үйретуге талпынса, өзінің жұмыс нәтижесін көруге ынталы болса, онда тәжірибенің жетіспеушілігі тез шешіледі. Ал егер жас мұғалім білім беру саласына мүлдем басқа мақсатпен келіп, балаларға немқұрайлы қараса, онда оған мектепте жұмыс істеу өте қиынға соғары анық.

Сіздің жұмысыңызда ең қызықты нәрсе не? – Ең алдымен  баланың эмоциясын көру. Энергиясын сезіну қандай керемет. Олар жасаған жұмыстарымен, өмірлеріндегі маңызды оқиғалармен бөліскенде сезінетін қуаныш пен мақтанышты айтып жеткізе алмаймын. Екіншіден, менің мектебімдегі ұйымшыл ұжымның бірлігі бекем. Олар бір-біріне қолдан келгенше көмектесуге, қолдауға әзір. Ең негізгісі қажет кезде қуанышымызға ортақтасып, жетістіктерімізге риясыз қуана аламыз. Барлығы да біліміне біліктілігі сай мықты мамандар.

Бастауыш мектептің ата-аналарына берер кеңесіңіз? – Балаға жаңа нәрсені байқап көруге тыйым салмау, яғни пайдалы қызығушылыққа қатысты. Телефондағы ойын емес, әрине. Егер ата-ана баласының қабілеті жоқ, әрі бұл уақытты босқа жоғалту деп ойласа ол дұрыс емес. Қайта балаға ерік беріп, өздігінен байқап көргені дұрыс. Әйтпесе  сәби «менен ештеңе шықпайды» деп, өмірге құлшынысы жоғалып, өзін басқалардан кем санауы мүмкін. Сондықтан ол кенжелей келіп, болашақта жаңа нәрселерге дер шағында қол жеткізе алмайды.

Егер өздігінен бір нәрсені жасау басталса, онда оны мақтап, ары қарай дем беру керек. Талай мықтылардың атақты атануы ең алдымен ата-анасының қолдауынан. Демек баланың шырағын бірінші жағатын ата-ана. Ал біз ұстаздар қауымы онсызда әр балаға мейірім танытып, көмек беруге қашанда дайынбыз. Өйткені, олардың жақсы, білімді болып өсуі біздің де тәтті жемісіміз және жеңісіміз.

Ашық әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Сания СҮЛЕЙМЕН, Астана қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий