Қазақстан ғылымын дамыту мәселелері: басымдықтар мен сын-қатерлер

Алматы қаласында «Қазақстан ғылымын дамыту мәселелері: басымдықтар мен сын-қатерлер»  атты Халықаралық форум өтті. Форумды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.

Халықаралық форумның мақсаты – Қазақстанның 2027–2030 жылдарға арналған ғылыми және технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындау және Академия жүргізген форсайт-зерттеулерінің нәтижелерін таныстыру.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы вице-министрлері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы, Ресей Ғылым академиясы (РҒА) Президенті орынбасарының басшылығымен РҒА делегациясы, Оңтүстік Кореяның жетекші ғалымдары, соның ішінде KISTI институтының президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, ірі қазақстандық және халықаралық технологиялық ұйымдардың, бизнес пен өнеркәсіптің өкілдері, стейкхолдерлер, жетекші шетелдік және отандық ғалымдар, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Форум барысында мынадай негізгі бағыттар қаралды: ақпараттық және ғарыштық технологиялар; биомедицина және денсаулық сақтау; экология және тұрақты даму; энергетика және машина жасау; жаңа материалдар мен технологияларды әзірлеу. Форумда биомедицина және IT салаларындағы этика мәселелері, сондай-ақ ғылым мен өнеркәсіп арасындағы өзара әрекеттестік арқылы ғылыми шешімдерді бизнеске енгізу жолдары талқыланды.

ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті А. Күрішбаев өз сөзінде ғылым мен технологияларды дамыту басымдықтарын айқындауда форсайт-зерттеулердің стратегиялық құрал ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, «Форсайт тек ағымдағы жетістіктерді талдап қана қоймай, болашақты қалыптастыруға және басымдықтарды жүзеге асыру стратегияларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл оны ұзақ мерзімді жоспарлаудың маңызды элементіне айналдырады».

Ол Қазақстанда форсайт-бастамаларды жүзеге асыруда жинақталған оң тәжірибе бар екенін атап өтті. Алдын ала кезеңде, яғни пре-форсайтта алты негізгі бағыт айқындалды: ақпараттық және ғарыштық технологиялар, өмір мен денсаулық туралы ғылымдар, экология, агроөнеркәсіп кешені, геология және жаңа материалдар, энергетика және машина жасау. «Біз 30 форсайт-сессия өткізіп, 1100-ден астам сұхбат жүргіздік, бұл 200-ден астам перспективалық ғылыми міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті А. Күрішбаев. Бұл деректер Ұлттық ғылым академиясының сайтында ашық қолжетімді түрде орналастырылған.

Өз баяндамасында А. Күрішбаев өңірлік форсайт-орталықтарын құрудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Алғашқы орталық С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында ашылған. «Келесі жылы біз осындай жеті орталықты ашуды жоспарлап отырмыз. Олар өңірлік экономиканы дамытуға ықпал ететін инновацияларды енгізу алаңдарына айналады», – деді ол.

Сонымен қатар, ол халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтіп, Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) меморандумға қол қойылғанын жеткізді. «Форсайттың ақпараттық-талдамалық жүйесін құру бойынша бірлескен жоба Қазақстанға ғылыми-техникалық үрдістерді болжау және серпінді технологияларды қалыптастыру үшін әлемдік озық тәжірибелерді пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті А. Күрішбаев. Ұлттық ғылым академиясы президентінің баяндамасы форсайт-зерттеулердің қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы, оның халықаралық мәртебесін нығайтудағы және инновациялық экономиканы дамытудағы маңыздылығын айқын көрсетті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзінде форумның отандық ғылымды дамытудағы маңызды мәселелерді талқылау және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегияларды қалыптастыру алаңы ретіндегі рөлі атап өтілді (құттықтау сөзді ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы Жанқұатов Ғ.Ж. оқып берді).

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бекбауов Бағлан Абдашимұлы өзінің құттықтау сөзінде аграрлық ғылымның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол ғылым мен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың қажеттілігін ерекше атап өтіп, ғылыми-білім беру саласындағы реформалар, бағдарламалық-мақсаттық қаржыландырудың жүзеге асырылуы және селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді шаралар туралы айтты. Сонымен қатар, форум қатысушыларының бірлескен жұмысы жемісті болатынына сенім білдірді.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Мұратов Тимур Мұратұлы өз сөзінде медициналық ғылымның денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол медициналық ғылымды қаржыландыруды күшейту, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және кадрлар даярлау арқылы қазақстандық медицинаны жаһандық ғылыми қауымдастыққа интеграциялау мен заманауи зерттеулерді жүзеге асыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Форумда сондай-ақ баяндама жасағандар қатарында Ресей ғылым академиясының вице-президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, РҒА академигі Чекморев П.А., Defence Global компаниясының бас директоры Jinsung HONG, The Academy at Harvard Square өкілі David YS HONG, экономика ғылымдарының докторы, Environment Europe Limited (Оксфорд) компаниясының бас директоры, Рим клубының толық мүшесі Шмелев Станислав Эдуардович, РҒА корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, П.Н. Лебедев атындағы физика институтының директоры Николай Николаевич Колачевский, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Шайменова Жанар Есентаевна, РҒА корреспондент-мүшесі, “ГЕНЕРИУМ” АҚ вице-президенті Дмитрий Анатольевич Кудлай, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы Токбергенов Исмаил Тасанбиевич, сондай-ақ ҚР ҰҒА академиктері мен жетекші халықаралық сарапшылар бар.

Форум аясында ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, ақпараттық-талдамалық жүйелер саласындағы озық білім мен тәжірибені трансферлеу және ғылым мен технологияларды дамытудың серпінді бағыттарын айқындау бойынша Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI). IT, агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургия кешені және медицина салаларындағы ынтымақтастықты дамыту туралы Ресей ғылым академиясымен (РҒА).

Форум идеялар алмасу, отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру стратегияларын әзірлеу және заманауи технологиялық дәуірдің өзекті сын-қатерлерін талқылау үшін маңызды алаңға айналды.

ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық
ғылым академиясының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий