Домбыра – қазақтың асыл қазынасы
Домбыра – біздің тарихымыз, діліміз, салт-санамыз, тұрмыс-салтымыз. Оның ұлы қасиеті туралы кезінде әл-Фараби мен Абай бабамыз да айтқан. Домбыра – қоңыр үнді аспап. Одан шыққан үн халықтың үні. Ол үн – тегеурінді күш, ұлтқа қайрат беретін, бірлік пен тұтастыққа шақырар ұран. Ол өзгерсе, халықтың мінез-құлқы өзгереді.
Қытай елінің ежелгі әфсаналарының бірінде түрлі халықтың әуені сол халықтардың мінез-құлқымен астасып жататындығы, жауынгер түріктің күйлері ерлікке шақыратын ұран іспетті болып келетіндігі айтылған. Сондықтан да болар, ұлттық өнер аспабын идеологиялық құрал етуші елдер де бар. Қазақтың ежелден келе жатқан, тіршілігімен тығыз байланысты үш дүниенің біріне айналған домбыраның орны төрде. Ол – қазақ халқының рухани байлығының кілті.
“Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”, – демекші, домбыраның қазақ ұлтының сан-салалы, қым-қиғаштары, шұғыл бұрылыстары көп тарихындағы алатын орны бөлек. Кейбір мәліметтерге сәйкес, домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың соңында ғалымдар Алматы облысындағы Майтөбе шоқысында тастардан тапқан суреттерде би билеп жүрген адамдар мен домбыраға қатты ұқсайтын музыкалық аспап бейнеленген.
Неолит дәуіріне жатқызылған бұл бірегей олжа Алматыда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы тұр. Ұлтымыздың қос ішекті домбырасымен жазылған тарих өте күрделі тарих. Ел болып қалуымыз, жер үшін ұрпақтың бақыты үшін бел суытпай күрес жүргізгеніміздің бәрі осы қара домбыраның еншісінде қалған дүние. Ол – мұражайға күн тиместей қойып, сыртынан қарауыл қоятын бұйым емес.
Тарихтың низамын, өткеннің шерін мойындамайтын дәстүр өледі. Сол дәстүрді өлтірмеуді әріден ойлаған елдер де бар. Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлы аспабы домбыра екендігі сөзсіз. Онсыз бірде–бір шара өтпейді. Көшпенділер заманында да, қазіргі заманда да солай. Шертпелі, екі ішекті аспап түрлі мамандық иелерінің, діні мен ұлты басқа жандардың басын қосады.
Домбыраның күмбірлеген дыбысы терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру біздің қолымыздан келері анық. Сондықтан асыл мұрамызды қастерлеу керек.
Пайдаланылған әдебиеттер: Әсемқұлов Т. Домбыраға тіл бітсе // Жұлдыз. – 1989 – №5; «Ұлтымыздың ұлық өнері» мақаласы, «Білімді ел» басылымы, 11 наурыз, 2010 ж.
Дәулет Еркебайұлы ҚИЯНБЕКОВ,
Балалар өнер мектебінің домбыра
сыныбы оқытушысы, Ұлытау
облысы, Жезқазған қаласы