Тәрбие – қазіргі заманның жаһандық сын-қатері ретінде
Тәрбие – қазіргі заманның жаһандық сын-қатеріне жауап ретінде қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Білім беру жүйесі мен тәрбие процесі жаңа сын-қатерлерге бейімделіп, жастарды жауапты азаматы ретінде қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Биыл «Өрлеу» – БҚО филиалының қолдауымен «Тәрбие – қазіргі заманның жаһандық сын-қатері ретінде» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция ұйымдастырылды. Конференция мақсаты: жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасу. Іс-шараға Ресей Федерациясы (Самара, Саратов облыстары, Кабардино-Балкар Республикасы), еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, Астана қаласының, Қызылорда облысының «Өрлеу» филиалдарының аға оқытушылары, мектеп мұғалімдері іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияны институт директоры Софья Измуханбетова алғысөзбен ашып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – жасампаз ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады» тақырыбында баяндама жасады. Секциялар шеңберінде конференция тақырыбы бойынша талқылаулар жалғастырылды: білім алушы жастардың саламатты өмір салты ұлттың зияткерлік әлеуетін және оның қауіпсіздігін сақтаудың негізі ретінде; ҚР Білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру тетіктері; білім беру ұйымдарында тәрбиелеу мен оқытуды кіріктіру жүйелі тәсілдің шарты ретінде; білім берудің инновациялық модельдері ғылыми категория ретінде: оларды жобалаудың теориялық және әдістемелік тәсілдері.
Халықаралық ғылыми конференцияда тәрбие тақырыбының кең ауқымда қарастырылуы, оның қоғамдағы рөлін арттыруға және жастарды тәрбиелеудің тиімді стратегияларын анықтауға мүмкіндік берді. Конференция соңында кері байланыста қатысушылар өз тәжірибелерінде кездесетін мәселелерді шешуде көптеген сұрақтарына жауап алғандарын жеткізді. Қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөліскені үшін сертификат табысталып, мақалалар жинағын шығару жоспарланды.
Толқын ГАБДУШЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институтының PR, SMM-маманы, Орал қаласы


