ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан Astana IT University командасы шығады

2024 жылғы 14-15 желтоқсан күндері Astana IT University қабырғасында ICPC халықаралық студенттік спорттық бағдарламалау олимпиадасының жартылай финалы өтті. Сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген 270 студент қатысты.

Турнир Астана, Санкт-Петербург, Новосибирск және Тбилиси қалаларында бір уақытта өтіп, Солтүстік Еуразия аймағының ең үздік командаларын жинады. Біртұтас рейтингтік жүйенің арқасында студенттер халықаралық деңгейде жарысып, өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетті.

Жеңімпаздар қатарында үздік нәтижелерді келесі командалар көрсетті:

  1. «Sorry, who are you?» атты Astana IT University командасы жеңімпаз атанды және келесі жылы өтетін ICPC World Finals 2025 әлемдік чемпионатының финалында Солтүстік Еуразия аймағының намысын қорғайды.(Астана қ.)
  2. Абсолютті екінші орынды International IT University командасы – «1 Natural Intelligence жеңіп алды» (Алматы қ.)
  3. Үздік үштікті Nazarbayev University командасы – «Jasdauren Street» жапты. (Астана қ.)

«Біз Солтүстік Еуразияның 10 елін біріктіретін ICPC студенттік командалық олимпиадасының жартылай финалын лайықты өткіздік. Бұл кезең әлем чемпионатының финалына жету жолындағы маңызды қадам болып табылады. Спорттық бағдарламалау Федерациясы дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер жасап, еліміздің халықаралық аренадағы позициясын нығайта отырып, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуды және танымал етуді жалғастыруда. Барлық қатысушылар жоғары дайындық пен командалық рухты көрсете отырып, керемет нәтижеге жетті. ICPC финалына өткен командаға сәттілік, шабыт пен жаңа биіктерге жетуді тілеймін!»- деп, Федерация президенті Бағдат Мусин атап өтті.

«ICPC – бұл тек олимпиада ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы цифрлық-технологиялық қоғамды қалыптастыру мен дамыту үшін маңызды алаң. Бүгінде біз елдегі ақпараттық технологиялар саласындағы білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Министрлік әлемнің жетекші университеттерімен бірлесіп жаңа білім беру бағдарламаларын енгізіп жатыр. Мысалы, Қызылордада Сеул ғылыми-техникалық университетімен бірлесіп, жасанды интеллект мектебі ашылды. Сонымен қатар, Мичиган университеті, Гонконг қалалық университеті, Аризона университеті, КАИСТ және бірқатар Мәскеу университеттері сияқты жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, жаңа оқу бағдарламалары әзірленді. Биылғы жылы осы бағдарламалар бойынша 2000-нан астам студент оқуға кірісті», – деп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өтті.

«Astana IT University командасының жеңіске жетіп, ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан шығатынын мақтан етеміз. Сондай-ақ, осы беделді контесттің тең ұйымдастырушысы ретінде, Орталық Азияның интеллектуалды дарындарының Астанаға, біздің университетке жиналып жатқанына қуаныштымыз. Бұл біздің аймақта IT-білім беруді дамытудағы маңызды орталық екенімізді тағы да дәлелдейді», — деп атап өтті Astana IT University ректоры Асқар Хикметов.

ICPC — әлемдегі ең ірі және ең беделді бағдарламалау олимпиадаларының бірі. Ол 1977 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл чемпионат студенттерге өз білімдерін дәлелдеуге және командада жұмыс істеу дағдыларын нығайтуға мүмкіндік береді, ал бұл халықаралық технологиялық компанияларда жоғары бағаланады.

Орталық Азиядағы ICPC жарысын ұйымдастырушылары — Спорттық бағдарламалау федерациясы мен Astana IT University. Турнир Freedom Holding Corp., “Freedom Шапағат” қоры және Kcell/activ қолдауымен өтті.

Қазақстанда ICPC жартылай финалының өтуі елдің Орталық Азиядағы IT-хаб ретіндегі позициясын нығайтып, технология саласындағы таланттарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий