ҚазҰУ ғалымдары пәтер алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдары ғылымдағы жетістіктері үшін баспана алды. Оларға сертификаттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдармен, ЖОО ректорларымен, ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарының басшыларымен кездесу кезінде салтанатты түрде табыс етті.
Тұрғын үй сертификаттарының 10 иегері қатарына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жас ғалымдары – философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы Сәмет Байжұма және PhD, физика-техникалық факультетінің Электроника және астрофизика кафедрасының доценті м.а. Ерғали Құрманов кірді. «Бұл қуанышты оқиға – мен үшін жағымды тосынсый және ел Президентінің ғалымдардың жас буынын қолдауға бағытталған ізгі бастамасы», – деп бөлісті Сәмет Байжұма. – Альма-матер қабырғасында мен философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының жетекші профессорларына алғысымды білдіремін. Менің ғылым саласындағы еңбегім Басқарма Төрағасы – университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың алғыс хатымен, ТМД-ның «Үздік жас ғалым – 2022» және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталдым. Наурызбай ауданының «Шұғыла» шағынауданында орналасқан Qazaq stroy компаниясының «Әлем Сити-3» тұрғын үй кешенінен пәтер алдым. Қазір мен оқытушылық жұмысты ғылыми жұмыстармен ұштастырамын, «ҚазҰУ Хабаршысы, дінтану сериясы» журналының жауапты редакторымын. Менің ғылымға қатысты үлкен жоспарларым бар. Мен үшін туған университет пен қоғамға пайда әкелу аса маңызды».
Пәтер алу PhD, физика-техникалық факультетінің Электроника және астрофизика кафедрасының доценті м.а. Ерғали Құрманов үшін де тосынсый болды. «Алма Сити» тұрғын үй кешенінен заманауи, жайлы екі бөлмелі пәтер алу маған тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, ғылыми жұмыстар мен жобаларға көңіл бөлуге мүмкіндік берді, – деді Ерғали. – Мен үйге әлі кірген жоқпын, бірақ жақын арада туыстарым мен әріптестерімнің ортасында қоныс тойын атап өтуді жоспарлап отырмын». 2022 жылы ол талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болды, сондай-ақ ҚазҰУ-дың «Үздік жас ғалымы» атанды. Ерғали Құрмановтың Хирш индексі 5-ті құрайды, бұл оның ғылыми жарияланымдарының маңыздылығы мен дәйексөзін растайды. Ол – астрофизикада инновациялық технологияларды зерттеуге және енгізуге бағытталған «ҚМУ 2023-2025» жобасының жетекшісі. 2021 жылы докторанттар арасындағы республикалық астрофизика ғылыми-зерттеу байқауында 2-орынға ие болды, сонымен қатар мақалалары жетекші ғылыми журналдарда, соның ішінде Q1 басылымдарында бірнеше рет жарияланды.
«Қазіргі уақытта мен «ГФ 2024-2026» жобасында белсенді жұмыс істеймін, онда астрофизика саласындағы зерттеулерді дамытуды жалғастырудамын. Болашақта халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, ғылыми-білім беру ынтымақтастығының мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмын», – деді Ерғали Құрманов.
Жаңа қоныстанушыларды құттықтаймыз және ғылыми оқытушылық қызметте табыс тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Загрузка...