БҚО филиалының білім берудегі рөлі мен жетістіктері

 «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қазақстандағы педагогтердің білімін жетілдіру курстарын ұйымдастыруда жетекші рөл атқарады. Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында бір жүз сексен алты курс ұйымдастырылып, 4662 педагог біліктілігін арттырды. Орта білім беру ұйымдарынан – бір жүз қырық екі курс өткізіліп, 3558 тыңдаушы, мектепке дейінгі ұйым бойынша – қырық бір курста 1039 тыңдаушы, ТжКОБК ұйымдары оқытушылары үшін – үш курс ұйымдастырылып, 65 тыңдаушы біліктіліктерін арттырды.

Оралдағы «Өрлеу» филиалы жыл бойына түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Оның ішінде, білім беру мен педагогикалық біліктілікті арттыруға бағытталған іс-шаралар ерекше орын алады. Соның бірі – «Тәрбие – қазіргі заманның жаһандық сын-қатері ретінде» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясы. Конференцияда шетелдік әріптестерімізбен қатар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Өрлеулік» аға оқытушылар, мектеп мұғалімдері іс-тәжірибелерімен бөлісті.

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі брифингі алаңында «Өрлеу» филиалының қызметі мен міндеттері туралы БАҚ өкілдерімен кездесу өтті. Брифингте педагогтерді үздіксіз оқуға ынталандыру, оларды өз құзыреттерін тұрақты дамытуға жетелеу, «Ұстаз» платформасының іске қосылуы, шет елдермен халықаралық ынтымақтастық туралы айтылды. Педагогтердің республикалық Саммиті аясында «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тамыз кеңесі өтіп, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ұйымдастыруымен «Барлығына қолжетімді сапалы білім: мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары» тақырыбында секциялық отырыс ұйымдастырылды.

«Мақсатты мектептерді дамыту» жобасы аясында «Мектептегі білім сапасын басқару: стратегиядан практикаға» тақырыбында үш күндік республикалық семинарда қатысушылар аймақтағы білім беру ұйымдарының үздік басшыларының табысты тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік алды. Курстан кейінгі сүйемелдеу бойынша Педагогика және пәндік әдістер кафедрасының аға оқытушылары жыл бойы аудандарға барып, пән мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетті. Бұл, өз кезегінде, білім алушылардың алған білімдерін практикада тиімді қолдануына мүмкіндік беруде.

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауы Қазақстандағы білім беру жүйесінде педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі саналады. Дәстүрлі байқауға осы жылы бес жүзге жуық өтініш қабылданды. Бұл көрсеткіштер байқаудың танымалдылығы мен педагогтердің кәсіби дамуындағы қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Еліміздің үздік педагогтерін кәсіби шеберлікті шыңдайтын «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» байқауында біздің аймақтан 6 бағыт бойынша он педагог жеңімпаз атанып, Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне аттанды.

«Өрлеумен бірге өрле!» жобасы Батыс Қазақстан облысындағы «Өрлеу» филиалының аясында жүзеге асырылатын авторлық жоба болып табылады. Аталмыш жоба аясында түрлі семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптар және тәжірибе алмасу іс-шаралары өткізіледі. Бұл іс-шаралар педагогтердің жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне, сондай-ақ өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Оралдағы «Өрлеу» филиалы былтыр педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру және білім беру сапасын жақсарту бағытында маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

Толқын ГАБДУШЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО КДИ» филиалының PR-, SMM-бас маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий