Жаңашыл мектептің жарқын келбеті
ҚР Президенті биылғы жаңа жылдың алғашқы аптасында, яғни қаңтардың 6-сы күні елордадағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік кешендерді кезекті мәрте аралап шыққан соң тиісті салалық министрліктің басшылары мен қала әкіміне алда атқарылуы тиіс маңызды міндеттер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев, әсіресе, елімізде білім беру деңгейін арттырудың маңызды екендігіне тоқталып, жас буынның бәсекеге қабілетілігін шыңдау арқылы жан-жақты дамуы үшін заманауи оқу орындарының ерекше маңызы барына айрықша назар аударды.
– Екінші мегаполисте былтыр мемлекеттің қолдауымен құрылысы қолға алынған мектептердің саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 2024-2025 оқу жылының басынан бері жиырма төрт мектеп елордалық шәкірттерге есігін айқара ашты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынғандары – он алты. Заманауи білім шаңырақтары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушыны толық қамтуға мүмкіндік беруде. Бұл оқу орындары қаланың барлық ауданында орналасқан. Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып жатырмыз. Білім ошақтарының құрылысына жеке қаражатты тарту да қарастырылған. Осы жылдың соңына дейін тағы да қосымша жиырмаға жуық білім беру нысандарын салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді жергілікті білім саласының даму барысын қысқаша баяндап, ақпараттық есеп берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Махмудұлы желтоқсан айының соңында Instagram желісіндегі жеке парақшасында Сарайшық, Есіл, Нұра аудандарында орналасқан тағы төрт жайлы мектептің ел игілігіне табысталғанын қуана хабарлаған еді. – Жаңа үлгідегі және бір білім ордасын бір ай ішінде ашамыз. Осылайша, пайдалануға берілген жаңа жайлы мектептердің жалпы саны он алтыға жетеді. «Отау» шағын ауданында (Сарайшық ауданы) мектеп болған жоқ. Балалар басқа оқу орындарына баруға мәжбүр болды. Осы аумақтан төрт мың оқушыға арналған (екі ауысымды) заманауи ғимарат тұрғызылды. Бұл мектеп, сондай-ақ, №63 мектептің шамадан тыс толып кету мәселесін шешеді. Ал, Қорғалжын тасжолы, 127 мекенжайында орналасқан жаңа оқу орны тығыздылығы жоғары №90 мектептің қиындығын шешеді, – деп қорытындылаған шаһар басшысы қала тұрғындарына арнаған кезекті жазбасын.
Осы он алтыншы жайлы мектептің ашылуы өткен аптада салтанатты түрде ұйымдастырылып, ресми іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлеген, Астана қаласы білім басқармасындағы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы және BI Global компаниясының өкілі Саят Қысманов арнайы қатысты. Нұра ауданындағы Е-535 көшесінде орналасқан ағарту ошағының жалпы ауданы 23 мың шаршы метрді құрайды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жеке инвестициялар есебінен салынған құрылыс кешенінің басты мердігері танымал отандық компания. Екі мың балаға арналған төрт қабатты білім орны жаңа технологиялар мен заман талаптарына сай жабдықталған. Бір жеделсатысы бар. Барлық бір жүз отыз оқу кабинеттеріне қажетті компьютерлер қойылған. Үш жүз алпыс орындық асхана, 432 орындық акт залы, төрт спорт залы, жаңа модификациялық үлгідегі 2 информатика, екі химия, 2 физика, екі биология, 4 технология кабинеті, музыкалық аспаптар кабинеті, буфет, кітапхана және үш кітап қоймасы бар. Сондай-ақ, робототехника, визуалды дизайн оқытуға арналған арнайы құрылғыдағы кабинетке қоса логопед, дефектолог, психолог мамандарының жұмыс бөлмелері қарастырылған.
– Құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және қонақтар! Он алтыншы «Жайлы мектептің» ашылуына қош келдіңіздер! Жайлы мектеп – жаңа мүмкіндіктер мекені болмақ. Осы мектепте білім алатын әрбір оқушы, әрбір ата-ана оқу ордасына қуанып келетіндей жағдай жасаймыз. Мектептің эмблемасындағы 100 санының ішіне баланың бейнесін қойдық. Әрбір бала – жарық жұлдыз. Сол жарық жұлдызды жағатын біздің жаңашыл идеяларға толы ұлағатты ұстаздарымыз бар. Жаңадан жұмыс бастаған ұжымымызға басқа өңірлерден де кәсіби мамандар келіп жатыр. 2024-2025 оқу жылының үшінші тоқсанындағы білім мен тәрбие бағытындағы ауқымды жұмыстарды ұтымды үйлестіруіміз үшін, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасына сәйкес, бізге жан-жақты қолдау жасаған жауапты тұлғаларға және Қасымхан Сенғазыұлы жетекшілік ететін қалалық білім басқармасы тарапынан бекітілген кәсіби мамандардың көрсеткен көмегіне ұстаздар ұжымы атынан айрықша алғыс айтамын, – деді ұстаздар ұжымының жетекшісі Мұрат Ахметов.
– Нәтижесінде барлық сынып бойынша шәкірттер тиісті оқулықтар мен қосымша әдебиеттермен толық қамтамасыз етіліп, құнды кітаптарға қоса басқа да қажеттіліктерге қол жеткізудеміз. Осындай заманауи білім ұясында өскелең жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің баянды болашағын жан-жақты қамтамасыз ететін отаншыл және бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыру адал әрі абыроймен қажырлы қызмет атқаратын парасатты педагогтерге алқар шабыт сыйлайтындығы даусыз. Астананың №100 орта мектебінің ашылғаны – осы қуанышты сәтті көптен күткен қалың қауымға құтты болсын!
Мұрат Ескендірұлының айтуынша, мұнда елордадағы №71, №79 және №90 мектептердің оқушылары құжаттарын тапсырған. Бұл үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Оқу кабинеттері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес мектеп жиһаздарымен толықтырылған. Мектеп аумағы қоршалған, аумағында ойын алаңдары, футбол және баскетбол алаңы бар. Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Қазіргі уақытта жалпы педагогтердің саны қырық бес және олар жоғары білімді пән мұғалімдері. Педагог-шебер – 1, педагог-зерттеуші – 14, педагог-сарапшы – 20, педагог-модератор – бес және 5 педагог қызметке кірісті. Нысанға кіре берісте турникеттер орнатылған.
Бастауыш 1–4-сыныпта барлығы – 283 оқушы білім алуда. Олардың ішінде: қазақ тілінде оқытатын 13 сынып (233 бала); орыс тілінде оқытатын 3 сынып (50 бала). Орта буын 5–8-сыныптарға келер болсақ, 14 сынып-жиынтық (217) оның ішінде: қазақ тілінде оқытатын 10 сынып (155), орыс тілінде оқытатын 4 сынып (62). Жоғары сыныпта 10 сыныптар: қазақ тілінде оқытатын 2 сынып (21). Барлығы: сынып-жиынтықтар – 32, 25 қазақ сыныбы, 7 орыс сыныбы, жалпы оқушылар саны – 521 екендігін атап өтті білім ордасының басшысы, ата-аналар мен мәртебелі қонақтарға білім ордасын таныстыруы барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ұсынған ресми мәліметінде.
– Тұрғын үйіміздің жанынан барлық талаптарға сай және сұранысты қанағаттандыратын жайлы да заманауи мектептің ашылғанына өте қуаныштымын. Балалардың қауіпсіздігі үшін екі жүзге жуық бейнекамера қойылып, оқушыларды мектепке таситын арнайы автобустың қарастырылғандығын естідік. Бұл – түсіне білген адам үшін, мемлекеттің үлкен қамқорлығы. ҚР Президенті, Астана әкіміне ризашылығымыз шексіз. Жақын маңайдағы ата-аналар үшін ұл-қыздарының осындай керемет оқу орнында білім алатындығы ерекше қуаныш сыйлайды. Енді олар барлық бағыттағы үздік көрсеткіштерімен мемлекеттің осы инвестициялық сенімі мен үмітін барынша ақтауы тиіс, – деді ата-аналардың атынан сөз сөйлеген Зарина Рүстемқызы.
– Мен осындай заманауи мектепте оқитындығымды балалық шағымның бір бақытына балаймын. Сондықтан да, барлық сабақтан жақсы нәтижелерді көрсету – мақсатым. Ерекше ұнайтын қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерінен беделді байқауларда бақ сынау арманым, – дейді үшінші сынып оқушысы Томирис Құнанбай.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...

