А. Байтұрсынұлының әдіс-тәсілдерінің тиімділігі
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлы ағартушысы, ғалымы және педагогі, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін қалаушы. Оның педагогикалық идеялары мен әдіс-тәсілдері қазақ халқының мәдениеті мен білімін көтеруде айрықша маңызды рөл атқарды. Байтұрсынұлының әдіс-тәсілдері бүгінгі күні де мектептерде қазақ тілін оқытуда кеңінен қолданылады. Оның педагогикалық тұжырымдамалары оқытудың тиімділігін арттыру, оқушылардың білімін тереңдету, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Ахмет Байтұрсынұлының басты педагогикалық көзқарасы – халыққа қызмет ету, білім беру мен тәрбиені ұштастыру. Ол білім беру процесінде тілдің негізгі құралы ретінде қолданылуын, қазақ тілінің құрылымын жүйелі әрі нақты түсіндіруді ұсынды. Байтұрсынұлының ойынша, білімді беру үшін оның ғылыми негіздерін ұстану маңызды, яғни әрбір ұғымды жүйелі түрде, түсінікті әрі дәлелді жеткізу қажет. Оқушыларға күрделі ұғымдарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіру үшін оның «түсіндіру әдісін» қолданғаны белгілі. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушының деңгейіне қарай материалды жеңіл әрі қызықты түрде жеткізе алады. Сонымен қатар, Байтұрсынұлының әдіс-тәсілдерінде оқушының шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше мән берілген. Ол оқушылардың ойлау, талдау қабілетін дамытатын тапсырмалар мен сұрақтар ұсыну арқылы олардың білімдерін тереңдетуді мақсат етті. Бұл әдіс оқушылардың белсенділігін арттырып, олардың оқу процесіне қызығушылығын оятады. Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту үшін қайталау әдісін де жиі қолданған. Мұндай әдіс арқылы балалар алған білімдерін ұзақ уақытқа дейін есте сақтай алады. Ахмет Байтұрсынұлының көрнекі құралдарды қолдану әдісі де маңызды орын алады. Бұл әдіс оқушылардың түсінігін жеңілдету үшін оқу материалдарын көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Ол оқушының көру, есту, сезіну сияқты қабылдау мүшелерін белсенді пайдалануды ұсынды. Мысалы, оқушыға тілдің құрылымын көрсету үшін түрлі карталар, кестелер мен суреттер қолдану, сондай-ақ әртүрлі ойындар мен тапсырмалар арқылы білім беру арқылы балалардың қызығушылығын арттыруға болады. Бұл тәсіл әсіресе бастапқы сыныптарда өте тиімді болып табылады.

Байтұрсынұлының ұстанымдары бойынша білім беру жүйесінде мұғалімнің рөлі өте маңызды. Ол мұғалімді тек білім беруші емес, сонымен қатар тәрбиеші, бағыт беруші, өмірдің дұрыс жолына сілтеуші деп қарады. Мұғалім әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесін ұйымдастыруы керек. Оқушылардың қажеттілігіне қарай сабақтарды жүргізу арқылы олардың білім деңгейін үнемі арттырып отыру маңызды. Білім алушылардың белсенділігін арттыру үшін Байтұрсынұлы сынып ішінде сұрақ-жауап әдісін кеңінен қолдануды ұсынды. Бұл әдіс балалардың белсенді ойлауын, пікір алмасуын және өз ойын ашық жеткізуін дамытады. Сонымен қатар, оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға баулуға тырысты. Ол оқушылардың ізденушілік қабілеттерін ояту үшін шығармашылық тапсырмалар беру әдісін қолданды. Өзімнің сабақтар жүргізу тәжірибемде ұлт ұстазының педагогикалық идеяларына негізделген әдіс-тәсілдердің бірнеше түрлерін пайдаланудамын. Мысалы; «Ой қосу» әдісі. Жаңа тақырыпты игеру үшін топтағы оқушылар бір-біріне ой қосады.
Тиімділігі: жаңа материалды меңгеруде жазылған ақпаратты оқып, тың пікірлерімен бөліседі. Оқылым, жазылым дағдылары қалыптасады. Қолдану ережелері: тақырыпшаларға байланысты топқа бөлінеді. Әр топ өз тақырыптарын ашу мақсатында жауап береді, жазады. Келесі топ толықтырады. Барлық айналым біткен соң ой бөліседі.Ахмет тұжырымдамасы: біз өзіміз білуге тиісті мағлұматтарды өзгеден аламыз.
«Топтық тергеу» әдісі. Мақсаты: шағын топтармен ізденіс жұмысты әр түрлі бағытта беруді жаңа сабақты меңгеру мақсатында жүргізу.
Тиімділігі: жаңа тақырыпты жан-жақты терең меңгеру үшін шағын топтарда зерттеу жұмысын жүргізіп, ойларын ортаға салады. Бәрі бір мазмұнды әртүрлі жолдармен зерттейді.
Ахмет тұжырымдамасы: білім мазмұнын меңгеруде ұжымдық жұмыс арқылы білімді өзгелерден алады, бірлесе дамиды.
«Ақылдың қалтасы» әдісі. Бұл сабақтардың соңында немесе, авторға хат жазу барысында өте тиімді болып саналады.
Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық әдіс-тәсілдерін қазіргі уақытта сабақтарда қолдану өте маңызды және тиімді. Бұл әдіс-тәсілдер оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуға, олардың шығармашылық потенциалын арттыруға, сондай-ақ қазақ тілінің дамуына зор үлес қосуға мүмкіндік береді. Байтұрсынұлының білім беру әдістері мен педагогикалық тұжырымдары бүгінгі білім беру жүйесіне де әсерін тигізіп, білім беру саласының сапасын арттыруға бағытталған маңызды құрал болып табылады.
Абуева Айзада Газизовна
А. Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі