Жаһандану дәуіріндегі “ұлттық кодтың” маңыздылығы
Жаһандану заманында ұлттық код феномены күрделі құбылыс. Әрбір этностың мәдениетінде тек өздеріне ғана түсінікті және соларды ғана біріктіретін идеялар мен түсініктер, нышандар мен белгілер жүйесі болады. Этностың бұл ішкі әлемі этностың көзге көрінбейтін, «құпия» (яғни,бөгделер үшін жасырын) мәдени-генетикалық коды ретінде өмір сүруі.
«Генетикалық» ұғымын сөзбе-сөз қан, ген, ДНК арқылы берілетін нәрсе деп түсінуге болады. Бұл ішінара солай да: біз ата-бабамыздың генетикалық жадын сақтаймыз. Мәдени және генетикалық код – этнос мүшелерінің арасындағы ерекше өзара байланыстар. Бұл биологиялық өзара байланыс (шығу тегі ортақ генетикалық жад), тарихи өзара байланыс (ортақ тарих және тарихи жад), әлеуметтік өзара байланыс (ортақ қағидалар, өнегелі құндылықтар мен дәстүрлер) болып табылады.
Дегенмен генетикалық деген ұғым – метафора. Ұлттың генетикалық кодын этнос ішіндегі биологиялық туыстықтан ауқымдырақ түсінік жатыр. Ол ұлттың сана сезімі, адамгершілік қағидалары мен құндылықтары, ең бастысы – тілі, мифтік және эпикалық бейнелері, музыкасы. Халықтың өз өткенін қалай көретіні, осы шақты қалай қабылдайтыны, болашақты қалай болжайтыны туралы түсініктер. Американдық психолог ғалым Э.Г. Эриксонның зерттеулері дәлелдегендей, әрбір адамның бойында ішкі және сыртқы мені орнығады.
Бұны ғалым ішкі мен деп, оған бірегейлік ұғымын береді. Бірегейлік дегеніміз не? Қарапайым сөзбен айтқанда ол адамның «Мен кіммін?» деген сұрағына жауап іздеуі. Бірегейлік – бұл адамның өзін-өзі тануы, осы арқылы өзінің белгілі бір текке, этносқа, ұлтқа, нәсілге, қоғамға, дінге, мамандыққа және тағы да басқалардың жататынын түйсінуі. Осы тұста «дүбәрә» түсінігіне келетін болсақ, ол адамның өзін ешбір этносқа жатқызбауы, яғни егер адам этникалық қарым-қатынаста өзінің нақты бірегейлігін білмесе, өзінің «қандас» жақыны болып келетін, қандай да бір этностың этникалық ерекшеліктерін толық танымаса, тілін, мәдениетін білмесе «дүбәрә» болып саналады.
Осынау жаһандану дәуірінде түрлі тарихи оқиғалар мен түрлі тағдыр тәлкегімен сыртқа кеткен қандастарымыздың және кеңестік кезең әсерінен мәдени-генетикалық код бірегейлігінен адасып қалған жерлестеріміздің жағдайы күрделі де, қауіпті құбылыс екені сөзсіз. Өзіндік ішкі мені жоқтар, түрлі экстремистік, ланкестік әрекеттердің, адасушылық құрбаны болуы да ықтимал. Бұл тақырыпты таңдаудағы мақсатым: әр бір этностың, әр бір адамның бойындағы мәдени-генетикалық кодтың ерекшелігі өте маңызды құблыс екенін нұсқай отыра, оны қайта қалпына келтіру, дамыту қажеттілігін мойындауға шақырамын.
2023-2024 жылдардан бері қабылданып, қолданысқа берілген «Бір тұтас тәрбие бағдарламасы» жаһандану дәуіріндегі «ұлттық кодты» қалыпқа келтірудегі құрал ретінде маңыздылығы жоғары. «Бір тұтас тәрбие бағдарламасы» аясында отаншылдық патриотизм негізінде тілге баса назар аудару керек. Мәдени-генетикалық кодтың өзегі – тіл. Тіл байланыс құралы және келесі ұрпаққа жалғасырушы – тасымалдаушы құрал. Зерттеулерге сүйенсек, қазіргі таңда қазақ тілінде сөйлешілер 10 миллионнан аз адам сөйлейтін, яғни жоғалушы тілдер қатарына жақын орналасқан.
Тіліміздің сыйымдылығы да төмендігін аңғартады, оған мысал өндірістік тілдердің аудармасының болмауы. Жаһандану – бұл күрделі ауқымды процесс, бұны тоқтату мүмкін емес. Бұл жолда дамудың үш жолының бірін ғана таңдау тұр. Біріншісі – авангардтық, ескіден бас тартып, жаңа дәуірді қабылдау. Екіншісі – архайкалық, жаңалықты қабылдамай өзінің ескі көзқарасы мен мәдениетінде қалу. Үшінші – модерн, дәстүр мен тілді сақтай отырып, жаңалықты еңгізе отырып, жаңа бір мәдениетті алып келу. Осы модерн жолын, кезінде Алаш қайраткерлері ұсынып, «қазақ жерінен шыққан бір түйір жүннің өзі елге қызмет етсін» деп кәсіпкерлікпен айналысу туралы жазып кеткен.
Абай атамызда қара сөздерінде ескірген салт пен дәстүр мен жаңа заманды салыстырып, кемшіліктерін көрсеткен. Жаһандану сонда бұл бұрынғымызды ұмыту емес, барлық мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңа заманға лайықтау деп түсінуіміз керек.
Айым Бөлегенқызы КАРИНА,
Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп
гимназияның тарих пәні мұғалімі,
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы