Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра

Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы ғана емес,  қазақтың қасиетті дүниесі. Өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болуы, эстетикалық талғамының жоғары болуына, жалпы адамгершілік, имандылық қасиетінің дамуына домбыраның тигізетін әсері мен рөлі өте зор. Оны тарта білу де өнер,  және жоғарыға қойып қадірлей білу керек.

Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын, ұлттық дүниетанымын, құндылығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраның үніне таң қалмайтын адам кемде кем. Әсіресе шет елдерде қайта-қайта күй тартуымызды сұрап, домбыраның үнін үздіксіз естіп отыра беретін адамдар өте көп. Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні тереңде. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне сүйсінбеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр.

Домбыраның ерекшелігі, Қазақстанның түкпір-түкпірінде домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрлері қалыптасқан. «Сыр елі, жыр елі» атанған домбыра тарту, домбырада жыр орындау мәнері өз алдына бір бөлек дүние. Тұрмағанбет, Балқы Базар, Нұртуған, Көшеней жыраулардың жыршылық дәстүрі ешқандай өңірлерде қайталанбайтын дара жыр мектебі болып қалды. Сондықтан ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан домбыра қазақ халқына тән қасиетті аспап.

Домбыра үні шынында да тыңдағанды ерекше сезімге бөлейді, қанатыңды қатайтып, шабытыңды жігерлендіре түседі. Домбыра шерте білгенге айнымас серік бола біледі. Айтыстарда адамға ерекше шабыт беріп, суырып салып еркін сөз саптауға да тікелей әсер етеді. Қазақ халқының рухани төл мұрасы, баға жетпес байлығы, қасиетті қос ішекті домбырасы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатыр. Домбырамыз да, қазағымыз да тек биіктерден көрінуіне болашақ ұрпақ жауапты.

Талай байқаулардың жеңімпазы атанып, шет елдерде алдыңғы орындардан көрініп жүрген жас күйшілер мен әншілер жеңістері осы домбыраның арқасында деген еді. Мұрамыз саналар домбыраны кейінгі ұрпаққа насихаттау жұмыстары әлі де қарқынды жүргізілері сөзсіз. Қазақ халқына ғана тән қасиетті домбыра үні ғасырлардан ғасырларға жалғаса берсін.

Жомарт Сайлауұлы ҚҰРЫҚОВ,
Балалар өнер мектебінің домбыра
сыныбы оқытушысы, Ұлытау облысы,
Жезқазған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий