Даналықпен дараланған ақын әлемі

Астана қаласында орналасқан Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM-SCHOOL мектеп-лицейінде өткен аптаның сенбі күні, яғни қаңтар айының 18-інде ұлтымыздың дәуір дарабозы атанған ақиық ақыны, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мырза Әлі Қадыр Ғинаятұлының (5 қаңтар 1935 жыл, Жымпиты, бұрынғы Орал облысы – 24 қаңтар 2011 жыл, Алматы) тоқсан жылдық мерейтойына орайластырылған «Даналықпен дараланған ақын әлемі» атты айрықша форматтағы мастермайнд ұйымдастырылды.

Осы білім ордасының басшылығы бұл іс-шараны ұтымды үйлестіруге ерекше шығармашылық көзқарас танытып, елдің есінде қалатын маңызды оқиға ретінде бағалағанын бірден байқадық. Себебі, бірегей басқосуға арнайы шақырылған құрметті қонақтарды мектептің әсем ғимаратының кіреберісінде әсем формадағы стюардессалар мен стюардтар күлімдеп қарсы алды. Әуежай символикасы арқылы жиналған жұртшылықты жаңа білім мен мәдениет әлеміне «сапарға шығуға» шақырғандай әсер қалдырып, ерекше шырайдағы көтеріңкі көңіл-күй, көл-көсір қуаныш сезімін сыйлағаны даусыз. Нәтижесінде ізгілікті іс-шараға барған баршамыз аса бір маңызды сапардың қадірменді жолаушыларындай сезіндік.

Мәртебелі меймандарды мектеп-лицейдің жас та жігерлі жаңа жетекшісі, мамандығы бойынша информатика пәнінің мұғалімі Омаров Сәтжан Кәрібайұлы бастаған педагогикалық ұжымның басшылығы ерекше қошеметпен күтіп алып, қазақ поэзиясын биік бір белеске көтерген ұлттық әдебиеттің жарық жұлдызы әрі қазақ қоғамының қайраткері ретінде танылған тарихи тұлға Қадыр Мырза Әліні ұлықтауға арналған мерейтойлық жиынның барысымен қысқаша таныстырды. Содан соң ағарту ошағының тарихына тоқталып, ұлағатты ұстаздар мен шығармашыл шәкірттердің жемісті жетістіктерін баяндап берді. Және алдағы атқарылатын ауқымды жобалардың барысы да назардан тыс қалған жоқ.

Мәртебелі меймандар ретінде «Қадыр Мырза Әлі» республикалық деңгейдегі қоғамдық қорының директоры, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Ізмағамбетұлы Қажымов, Астана қалалық әкімдігінің Астана дарыны «Дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау» орталығының басшысы Жанат Маулеткановна Бейсенбаева; «Білімді ел – Образованная страна» республикалық білімділік, қоғамдық-саяси апталық газетінің бас редакторы, танымал журналист Ләззат Мақсұтқызы Түркістанова; Педагогикалық шеберлік және ұйымаралық жобалар бөлімінің басшысы Алма Досжановна Садвакасова; «Білім болашағы» қоғамдық қорының әдіскері, режиссер, актёр Максим Абзалбек; елордадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейдің директоры Альбина Кумековна Нартаева және жергілікті білім беру ұйымдарынан арнайы шақырылған пән мұғалімдері мен ата-аналар қауымы, білім саласындағы қоғамдық ұйым мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кең залда қатарласа орналасқан «Ғылымға жақын бір қадам» аймағындағы барлық пән бірлестіктерінің көрмесін тамашалады.

Алғашқы аялдама ретінде қарастырылған бұл көрмеде оқушылардың қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жасаған макеттері, диорамалары және өзге де шығармашылық туындылары ұсынылды. Қайталанбастай көрінген әрбір қолтума бұйым экология мен ғылымды біріктіре отырып, табиғатты қорғау және қайта өңдеу мәселелеріне назар аударуға шақырды. Сонымен қатар, көпшіліктің назарына «MODx» шығармашылық көрсетілімі ұсынылды. Бұл шараның барысында 8–10-сынып оқушылары полиэтилен, қағаз сияқты қалдықтарға екінші өмір сыйлап, әртүрлі киімдер үлгілерін жасап шығарды. Жобаның мақсаты – экологияны қорғау мақсатында қайта өңдеу тұрмыстық қалдықтарды пайдаға жаратудың мүмкіндіктерін көрсету. Оқушылардың ерекше шығармашылық жұмыстары келушілерге сән арқылы қайта өңдеудің маңыздылығы бойынша оралымды ой салып, жиналғандардың жоғары бағасына ие болғанын байқадық.

«Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова және Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры Сәтжан Омаров

Іс-шараның екінші маңызды бөлімі – «Инновациядан интеграцияға» тақырыбындағы секциялық жұмыстармен жарасымды жалғасын тапты. Бұл аймақта мұғалімдер жасанды интеллектті тиімді пайдалану, халықаралық зерттеулер Pisa, Pirls тапсырмаларына оқушыларды дайындау, функционалдық сауаттылықты дамыту және заманауи білім беру әдістемелері бойынша ой бөлісті. Әсіресе, қазіргі кездің күн тәртібінде тұрған және жаһандану дәуірінің ақпараттық технологиядағы қарқынды дамуымен сабақтасатын жасанды интеллект тақырыбына арналған шеберлік сағаттары ерекше қызығушылық тудырды.

Бірегей басқосудың шарықтау сәті ретінде «Өлең сөздің зергері – қазақтың Қадыры» іс-шарасын айтуға болады. Бұл мюзиклде Қадыр Мырза Әлінің өмір жолын ерекше әсерлі етіп бейнелеуі өте сәтті шыққан. Көрермендер оның балалық шағын, студенттік кезеңін, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовпен бірге ән шығару сәттерін кең сахна төрінде отырып тамашалады. Мюзиклдің мазмұны мен орындаушыларының шеберлігі көрермендерді таңғалдырғаны анық. Әрбір көрініс ақынның шығармашылығы мен оның қазақ мәдениетіндегі таудай тұғыры мен теңіздей тереңдігін нақты айқындап бергендей еді. Осы салтанатты рәсім аясында құрметті қонақтар білім ордасының басшылығына құттықтау лебіздерін жеткізіп, жиналған жұртшылыққа ізгі тілектерін білдірді.

– Қадекеңдей қарымды қаламгермен ағалы-інілі болып отыз жылдың шамасында сыйластықта болдық. Қалжыңдасатын нағашы-жиендік туыстығымыз қарым-қатынасымызды жылыта түсетін еді. Үйіне барсам: «Өй, көке, келдің бе?!», – деп қарсы алатын. Іші-бауырым елжіреп кетуші еді. Оңаша екеуміз ғана әңгімелесіп отырып, шай ішетінбіз. Шығармашылық байланысымыздың айғағы – поэзия патшасындай дәуір дүлдүлінің ұлттық рухтағы өршіл өлеңдеріне жазған «Ата», «Жар», «Бажа», «Ана», «Орал – әнім сенсің шалқыған» деген әндеріміз бар. «Жақсыдан шапағат» дегендей, шығармашылық байланысымыз ширек ғасыр бұрын ағаның ұсынысынан басталған еді. «Менің де кітапханам Әуезовтің кітапханасы сияқты сол күйінде сақталса деймін», – деп ертеңіне алаңдаған аяулы ақынның асқақ арманы орындалып, туған өлкесі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында тарихи тұлғаның 80 жылдығы қарсаңында аймақ басшысының бастамасы негізінде жанашыр жандардың жан-жақты қолдауымен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылып, еңселі ескерткіші орнатылған болатын, – деді өткен күндерден естелік айтқан ақиық ақынның атындағы республикалық деңгейдегі қоғамдық қордың директоры, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, танымал сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Донеділ аға Қажымов.

– Арнайы жобамен салынған төрт қабатты заманауи ғимаратта мұражай мен баспасөз және концерттік залдар орналасқан. Сыртында 1125 адамдық амфитеатр мен 50,5 метрлік LED экран бар. Шамамен жеті мыңға жуық кітабын оңтүстік астанадағы үлкен үйінен түгел көшіріп апарып, жеке кітапхана ретінде қайта жарақтандырдық. Жұмыс кабинетіне қойылған жеке заттарының құрамында өзі пайдаланған барлық бұйымдарын жұртшылық көре алады. Олардың қатарында күнделікті қолданған қаламы мен ұялы телефоны және орындығымен қоса ақын жатқан диваны бар. Бала күнінен бастап жиналған барлық фотолары ретімен қойылған. Қадыр Ғинаятұлының есімімен Еуропадағы мектеп директорларының жетекші желісі ESHA құрамына енген халықаралық талаптардың негізінде елордалық шәкірттерге сапалы білім мен ұлттық құндылықтарға сай тәрбие беретін осы кезекті жаңа білім ордасын атауға сүбелі үлес қосқан отандық білім саласының мықты маманы, парасатты педагог BINOM School мектептер желісін басқарушы компания және «Білім болашағы» қоғамдық қорының жетекшісі Қадырова Шолпан Маратқызына шексіз алғысымды айтып, ақиық ақынның 90 жылдық торқалы мерейтойын қалалық мектептер деңгейінде ұтымды ұйымдастыру арқылы ақынның шығармашылығы мен ғибратқа толы ғұмырын өскелең ұрпаққа дәріптеген Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры Омаров Сәтжан Кәрібайұлы бастаған ұстаздар ұжымы мен барша тілеулестерге ризашылығымды жеткіземін. Қадыр Мырза Әлі – қазақ поэзиясының асқар шыңы, ұлттық руханиятымыздың айнасы. Оның шығармалары – болашақ ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұра.

– Үшінші мегаполистегі біздің мектеп-лицей 2022 жылғы қаңтар айының бесінде ашылған. Бұл білім ордасы BI Group инновациялық құрылыс холдингі мен Астана қаласының әкімдігі арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылған бірегей жоба болып табылады. Ең басты мақсаты – оқушыларға қолжетімді және сапалы білім беру. BINOM SCHOOL-да білім беру «Аманат» тұғырнамасына негізделген, оның құрамына құрмет, қамқорлық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік және кемелділік сияқты құндылықтар кіреді. Бес қабатты зәулім ғимараттағы 127 оқу кабинеті мен физика, химия, биология, нано және биотехнологиялар бойынша тоғыз заманауи зертхана жабдықталған. Сонымен қатар, 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг алаңдары, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, 3D принтер қойылған шығармашылық тәжірибелер жасауға арналған кабинеттер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш өңдеу шеберханалары, асхана, медициналық пункт және қазақстандық және шетелдік жазушылардың бес мыңнан астам құнды шығармалары жинақталған керемет кітапханасы бар, – деді ұстаздар ұжымының басшысы журналистермен әңгімесінде.

– Қазіргі кезде төрт мыңға жуық оқушы білім алуда. BINOM SCHOOL ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы оқу ортасын жасап, инклюзивті білім беруді қамтамасыз етеді. Ғимараттағы екі спорт залға қоса сыртта бірнеше ойын алаңдары бар. Бұл оқушылардың футбол, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік береді. Мектеп ашылғаннан бері оқушылар республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, түрлі ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Біздің мектеп-лицей заманауи білім беру стандарттарына сай келетін, инновациялық әдістер мен технологияларды қолдана отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын білім ордасы болып табылады. BINOM SCHOOL оқушыларға сапалы білім берумен қатар олардың шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Жемісті жетістіктерді жіктесек: жасанды интеллект және робототехника бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысу және жүлделі орындар алу; экологиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы табиғатты қорғауға үлес қосу; заманауи білім беру әдістемелерін енгізу арқылы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау; сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларда белсенділік таныту.

«Даналықпен дараланған ақын әлемі» іс-шарасы қатысушылардың есінде ұзақ сақталары анық. Бұл шара Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығын атап өтумен шектелмей, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды. Іс-шараға оқушылардың ата-аналары да үлкен ықыластарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Осындай іс-шаралар қазақ руханиятының мәңгілік мұра ретінде сақталуына оң ықпал етпек. Бұл басқосу ақынның шығармашылығын құрметтеуге, оның әдеби мұрасын жаңа ұрпаққа танытуға бағытталған маңызды оқиға болды. Концерттің басты бөлігі Қадыр Мырза Әлінің өлеңдеріне жазылған әндердің орындалуынан құралды, – деді «Өлең сөздің зергері – қазақтың Қадыры» концертін ұйымдастырған директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Жекина Акмарал Кайртаевна.

– Ақынның балалық шағы мен шығармашылық өміріне байланысты құрылған шағын мюзикл көрермендердің көңілінен шығып, оның қоғамдағы рөлі мен әдебиеттегі ізгі мұрасы туралы кеңірек ойларға жетеледі. Концерттік бағдарламаның мазмұнын тереңдетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленуіне жұмыла үлес қосқан мектебіміздің қазақ тілі мамандары Г.Имамбаева, Г.Жамантаева, Г.Шальжанова, белгілі композитор Думан Байтілеуов, хореограф Д.Алпысбаева, ұстаздарымыз Л.Аббасова, К.Сыздык, Н.Алтынбай әріптестеріміздің еңбегі ерен. Ақын шығармашылығына құштар оқушыларымыз бен «Алтын домбыра» үйірмесінің қатысушылары мәдени шараның шырайын енгізді.

Расында да, бұл басқосуға куә болғандардың барлығы ұлттық рухтағы ізгілікті іс-шаралардың ұтымды ұйымдастырылғанына нақты көз жеткізіп, ерекше көңіл-күймен қанаттанып қайтқаны анық.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий